
Болашақ гидрологтар практикасы: теориядан нақты су шаруашылығы нысандарына дейін

2026 жылғы 1–20 маусым аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Жаратылыстану ғылымдары институты Физикалық және экономикалық география кафедрасының 6B05210 – Гидрология білім беру бағдарламасының 2-курс білім алушылары оқу практикасынан өтті. Практикаға кафедраның PhD, доцент м.а. Алагуджаева Манира Аманкельдиевна жетекшілік етті.
Практика өндірістік және далалық дайындықты ұштастыра отырып ұйымдастырылды. 1–6 маусым және 17–20 маусым аралығында білім алушылар «Қазсушар» РМК Ақмола филиалы базасында жұмыс істеп, су шаруашылығы ұйымдарының қызметімен, гидротехникалық құрылыстарды пайдалану ерекшеліктерімен, су ресурстарын есепке алу және бөлу мәселелерімен, сондай-ақ су саласы мамандарының жұмысымен танысты.
Практика бағдарламасында Павлодар облысына жасалған он күндік далалық сапар ерекше орын алды. Сапар барысында болашақ гидрологтар «Қазсушар» РМК және «Қазгидромет» РМК филиалдарына, Павлодар өзен портына, «Алюминий Казахстана» кәсіпорнына, Май ауданының гидротехникалық құрылыстарына, сондай-ақ Баянауыл ұлттық паркінің табиғи нысандарына — Жасыбай, Торайғыр және Сабындыкөл көлдеріне барды. Зерттеу нысандарының бірі ретінде ерекше табиғи нысан — Маралды тұзды көлі қарастырылды. Білім алушылар өңірдің су ресурстарының қалыптасу ерекшеліктерімен, гидрометеорологиялық бақылауларды ұйымдастырумен, өнеркәсіпті сумен қамту мәселелерімен және су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдерімен танысты.
Практиканың маңызды бөлігі ретінде 2026 жылғы 8 маусымда «Қазсушар» РМК Ақмола филиалында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Ғылым және инновациялар департаментінің директоры Иманалиев Марат Уалихановичпен кездесу өтті. Кездесу барысында білім алушылар практика нәтижелері бойынша қорытынды презентациялық жұмыстарын таныстырып, алған кәсіби дағдыларын, далалық бақылау материалдарын және су ресурстарын тиімді пайдалану мен су шаруашылығы нысандарының қызметіне қатысты өз тұжырымдарын ұсынды.
Практика қорытындысы бойынша белсенді білім алушылар «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының алғыс хаттарымен марапатталды. 26 білім алушының ішінен 7 білім алушы жоғары дайындық деңгейі, бастамашылдығы және практикалық тапсырмаларды жауапкершілікпен орындағаны үшін марапатқа ие болды. Алғыс хаттар болашақ су саласы мамандарының кәсіби әлеуетіне берілген жоғары баға болды.
Оқу практикасы бойынша есептерді тыңдау қорытынды кезең ретінде өтті. Оған Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің кеңесшісі Т.С. Кененбаева қатысты. Талқылау барысында білім алушылардың дайындық деңгейі, орындалған жұмыстардың сапасы және заманауи гидрологтарды даярлауда тәжірибеге бағытталған оқытудың рөлі атап өтілді.
Оқу практикасы білім алушыларға университетте алған теориялық білімін бекітіп қана қоймай, су шаруашылығы нысандарында алғашқы кәсіби тәжірибе жинауға, болашақ мамандығын жақынырақ тануға және елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі гидрологияның рөлін терең түсінуге жол ашты. Мұндай практикалар Қазақстанның су ресурстарын орнықты басқаруға қабілетті жаңа буын мамандарын даярлауда маңызды орын алады.
