
ЕҰУ-да тәуекелдерді басқару әдістері бойынша курс өтті

Үздіксіз білім беру институты Тәуекел-менеджмент қызметімен бірлесіп «Тәуекелдерді анықтау, бағалау және басқару әдістері мен тәсілдері» атты біліктілікті арттыру курсын өткізді.
Оқу барысында тәуекел-менеджменттің халықаралық стандарттары, тәуекелдерді басқарудың нормативтік-құқықтық негіздері, тәуекелдерді талдау, сәйкестендіру және бағалау әдістері, сондай-ақ оларды азайтуға бағытталған іс-шараларды әзірлеу мәселелері қарастырылды. Ұйымды басқару үдерістеріне тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу және басқарушылық шешімдер қабылдауда тәуекел-менеджмент құралдарын қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Курс лекторы Жанар Смағұлова тыңдаушыларды тәуекелдерді басқару саласындағы өзекті тәжірибелермен таныстырып, тәуекел-менеджменттің негізгі кезеңдерін жан-жақты түсіндірді және ұйым қызметінде тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану мысалдарын ұсынды.
Сауалнама қорытындысы бойынша тыңдаушылар ұсынылған материалдың өзектілігі мен практикалық маңыздылығын, оқытудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, материалдың түсінікті берілгенін және лектордың кәсібилігін атап өтті. Қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, курс тәуекелдерді анықтау, бағалау және басқару үдерістері туралы тұтас түсінік қалыптастыруға мүмкіндік бергенін жеткізді.
Бағдарламаны жетілдіру бойынша ұсыныстар ретінде практикалық кейстер санын арттыру, топтық жұмыс пен интерактивті оқыту түрлерін көбейту, университет қызметінен алынған мысалдарды кеңінен қолдану, сондай-ақ тәуекел-менеджмент бойынша оқытумен қызметкерлерді қамтуды кеңейту ұсынылды.
Қолжетімді және сапалы үздіксіз білім беру жағдайларын жасау, қызметкерлердің кәсіби құзыреттерін дамытуға және олардың қызмет тиімділігін арттыруға бағыттау – Үздіксіз білім беру институты жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
