
ЕҰУ ректоры журналистерді кәсіби мерекесімен құттықтады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға еліміздің жетекші медиа өкілдері, журналистер мен университет серіктестері қатысты.
Жиын барысында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов БАҚ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоғамдағы ақпарат кеңістігін қалыптастырудағы, шынайы ақпарат таратудағы және қоғамдық пікірді дамытудағы журналистердің маңызды рөлін атап өтті.
«БАҚ өкілдері қоғам мен билік, білім мен ғылым арасындағы алтын көпір қызметін атқарып келеді. Сіздердің кәсібиліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз ел дамуына зор үлес қосады. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын, шығармашылық табыс, тың идеялар мен толағай жетістіктер тілеймін», - деді Ерлан Сыдықов.
Салтанатты шара барысында университеттің ақпараттық қызметімен тығыз байланыста жұмыс істеп жүрген бірқатар журналистер мен медиа ұйымдардың өкілдеріне Алғыс хаттар мен сый-сияпат табысталды.
ЕҰУ Ақпараттық орталығы мен Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі ұйымдастырған кездесу еркін пікір алмасу форматында жалғасып, қатысушылар жоғары білім беру саласы мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
