
ЕҰУ-да өткен ОӘБ РОӘК отырысында журналистика және жасанды интеллект мәселелері қаралды

РОӘК ОӘБ «Журналистика және ақпарат» кадрларын даярлау бағыты бойынша Жобаларды басқару тобының «Журналистика және жасанды интеллект: теория мен тәжірибе» тақырыбындағы кеңейтілген мәжілісі өтті.
БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында өткізілген қорытынды жиынды РОӘК ОӘБ төрағасының орынбасары Ардақ Бейсенбай жүргізіп, жиын барысында медиа мамандарына, журналист кадрларын даярлап жүрген оқытушылар мен ғалымдарға кәсіби мерекеге орай ізгі тілектерін білдірді.
Кеңейтілген мәжілісте еліміздің жоғары оқу орындарында журналистика бағыты бойынша білім беру бағдарламаларын жетілдіру, жасанды интеллект технологияларын оқу процесіне енгізу, медиа саласындағы этикалық стандарттар, оқу-әдістемелік қамтамасыз ету және жас мамандарды кәсіби ортаға бейімдеу мәселелері қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша журналист мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын сараптау қорытындысы талқыланды. Баяндаманы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры, секция жетекшісі Нұржан Қуантаев жасады. Талқылау нәтижесінде журналистика бағдарламаларына генеративті жасанды интеллект, промпт-инжиниринг, автоматтандырылған жаңалық жазу, дерек тексеру, дипфейкті анықтау, алгоритмдік медиа, жасанды интеллект этикасы және авторлық құқық мәселелеріне арналған пәндерді енгізу ұсынылды.
Сонымен қатар тәжірибелік newsroom моделін кеңейту, оқу редакциялары, подкаст студиялары, mobile journalism зертханалары, digital media lab, студенттік медиаплатформалар мен медиа-стартап жобаларын дамыту қажеттігі атап өтілді. Өңірлік университеттерде аймақтық журналистиканың жаңа моделін қалыптастыру мақсатында облыстық және аудандық БАҚ-пен, жергілікті цифрлық платформалармен байланысты күшейту, өңірлік ақпараттық қауіпсіздік пен жергілікті медиа жобаларды дамыту мәселелері көтерілді.
Мәжілістің екінші мәселесі аясында «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ тәжірибесі негізінде жас мамандарды шығармашылық ортаға бейімдеу тетіктері қарастырылды. Бұл бағытта «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Еркін Мұхамеджанов баяндама жасады. Қатысушылар болашақта Медиа мектеп жұмысын өңірлерде іске асыру, облыстық филиалдарда студенттердің жыл бойы редакциялардан тәжірибе жинақтау мүмкіндігін қарастыру мәселесін қолдады.
Журналистика бойынша білім беру бағдарламаларына жасанды интеллект технологияларын интеграциялау мәселесі бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің зерттеуші-профессоры, ЕҚЫҰ БАҚ бостандығы өкілінің сарапшысы Гүлмира Сұлтанбаева баяндама жасады. Баяндамада жасанды интеллект құралдарын журналистика білімінде қолдану, этикалық стандарттарды сақтау және практикалық медиажобаларға енгізу мәселелері қамтылды.
Осы бағытта жоғары оқу орындары жанынан «Дата-журналистика» және «Фактчекинг» зертханаларын немесе арнайы медиа-станцияларды құру, студенттердің әлеуметтік желілердегі дезинформацияны мониторингілеу, дипфейктер мен синтетикалық медианы анықтау, криминалистикалық талдау жасау дағдыларын дамыту ұсынылды. Сонымен қатар журналистика факультеттерінің оқытушылары үшін генеративті жасанды интеллект құралдары, алгоритмдік сауат және медиақауіпсіздік бойынша біліктілікті арттыру курстары мен тренингтер ұйымдастыру қажеттігі айтылды.
Кеңейтілген мәжілісте «Журналистика және репортерлік іс» білім беру бағдарламалар тобы бойынша республикалық олимпиада өткізудің өзекті мәселелері де қаралды. Бұл мәселе бойынша Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Медиакоммуникация және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор Гүлмира Әшірбекова баяндама жасады. Талқылау қорытындысы бойынша олимпиада ережесін әзірлеп, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне бекітуге ұсыну жөнінде шешім қабылданды.
Жиын барысында РОӘК ОӘБ «Журналистика және ақпарат» кадрларын даярлау бағыты бойынша Жобаларды басқару тобының 2025–2026 оқу жылында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Есеп негізінде берілген ұсыныстар мен басымдықтарды 2026–2027 оқу жылына арналған жұмыс жоспарын әзірлеу кезінде ескеру ұсынылды.
Кеңейтілген мәжіліс қорытындысында күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, алдағы оқу жылында журналистика білімін жаңғырту, жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану және медиа мамандарын даярлау сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
