
«Оқушыларды ғылыми кәсіби іріктеу: психодиагностика мен кәсіби бағдар берудің заманауи мүмкіндіктері»

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің психология кафедрасында «Оқушыларды ғылыми кәсіби іріктеу: психодиагностика мен кәсіби бағдар берудің заманауи мүмкіндіктері» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Семинар Қазақстанның кәсіби бағдар берушілер қауымдастығының қатысуымен ұйымдастырылып, оқушылардың білім беру және кәсіби бейімділіктерін анықтаудағы ғылыми негізделген заманауи тәсілдерді талқылауға арналған алаңға айналды.
Семинар жұмысына психология кафедрасының меңгерушісі А.С. Мамбеталина және психодиагностикалық зертхана меңгерушісі Ш.А. Ерболова қатысып, қатысушыларға ғылыми кәсіби іріктеу жүйесінде НС-психотест кешенін қолданудың мүмкіндіктерін таныстырды.
Кездесу барысында психология кафедрасының психодиагностикалық зертханасының негізгі қызмет бағыттары таныстырылып, оқушыларды психодиагностикалық сүйемелдеудің заманауи әдістері, сондай-ақ психометриялық құралдарды қолдану арқылы кәсіби бағдар беру жұмысының объективтілігін арттыру мәселелері қарастырылды.
Диагностикалық нәтижелерді білім алушылардың жеке ерекшеліктерін анықтау, кәсіби қызығушылықтарын айқындау және білім беру траекториясын саналы түрде таңдауға қолдау көрсету мақсатында практикалық қолдануға ерекше назар аударылды.
Осындай іс-шараларды өткізу ғылыми қауымдастық, білім беру ұйымдары және кәсіби бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға, сондай-ақ Қазақстандағы кәсіби бағдар беру жүйесіне заманауи психологиялық технологияларды енгізуге ықпал етеді.
