
Жоба қатысушыларының экспедициясы Нұра өзені бойындағы тарихи-мәдени мұраның жаңа ескерткіштерін анықтады

AP26101503 «Сарысу–Теңіз суайрығының Алтын Орда дәуіріне жататын культтік-мемориалдық ескерткіштерін пәнаралық зерттеу» ғылыми жобасын жүзеге асыру аясында жоба жетекшісі С.З. Раздықовтың басшылығымен 2026 жылдың мамыр айында Нұра өзені бойында орналасқан күйдірілмеген кірпіштен тұрғызылған кесенелерді анықтау және зерттеу мақсатында археологиялық барлау жұмыстары жүргізілді.
Экспедиция бағыты Қабанбай батыр ауылынан басталып, Нұра өзенінің ағысы бойымен Нұра ауданының орталығы – Нұра кентіне (Киевка) дейін жалғасты. Далалық зерттеулер барысында тарихи қорымдар қаралып, ғылыми тұрғыдан қызығушылық тудыратын бірқатар нысандар анықталды.
Нұра ауданы Ахметауыл ауылындағы зират аумағында XIX ғасырдың ортасында Ақмола округінің аға сұлтаны болған Қоңыр әулетінің ұрпағы Құлжы төре Құдаймендиннің мемориалдық кешені тіркелді.
Қызылжұлдыз ауылында зерттеушілер жергілікті қорымның солтүстік шетінде орналасқан ерте темір дәуіріне жататын қорғанды қарап шықты. Сондай-ақ қорымды зерттеу барысында екі кесене анықталды. Қызылжұлдыз I кесенесі қираған күйде сақталған: сақталған бөлігінің биіктігі шамамен 1 метрді құрайды, кірпіш қалауының бес қатары байқалады, ал қабырғаларының қалыңдығы 30 сантиметрге дейін жетеді. Қызылжұлдыз II кесенесі биіктігі шамамен 4,2 метр болатын, күмбез тәрізді порталы бар ірі сәулеттік құрылыс болып табылады.

Ерекше ғылыми қызығушылықты Бірінші Май (Шағаман, Савельевка) ауылы маңындағы қорым тудырды. Оның солтүстік-шығыс бөлігі XIX ғасырға жататын шикі кірпіштен салынған кесенелердің қирандыларынан тұрады және олардың тарихи-мәдени құндылығы өте жоғары. Бұл ескерткіштер алдағы уақытта жан-жақты зерттеуді, құжаттауды және ғылыми айналымға енгізуді қажет етеді.
Жиналған материалдар Орталық Қазақстанның жерлеу-мемориалдық сәулеті туралы түсініктерді кеңейтіп, Алтын Орда дәуіріне және одан кейінгі кезеңдерге жататын культтік ескерткіштерді одан әрі пәнаралық тұрғыдан зерттеуге негіз қалайды.

