
ЕҰУ-дың 26 ғалымы Қазақстанның ең көп дәйексөз келтірілген авторларының қатарына енді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 26 ғалымы 2021–2025 жылдар аралығында Web of Science дерекқоры бойынша жарияланған мақалалары мен шолу еңбектеріне келтірілген дәйексөздер саны негізінде жасалған қазақстандық аффилиациясы бар ең көп дәйексөз келтірілген авторлар тізіміне енді.
Тізім ғылыми бағыттар бойынша қалыптастырылып, авторлардың жарияланымдарының дәйексөзделу көрсеткіші, ғылыми жарияланымдардағы үлесі, сондай-ақ Web of Science, Scopus, InCites, SciVal және CrossRef халықаралық дерекқорларының мәліметтері негізінде есептелді.
ЕҰУ ғалымдарының аталған тізімде кеңінен көрініс табуы университеттің еліміздегі жетекші ғылыми-білім беру және зерттеу орталықтарының бірі ретіндегі жоғары ғылыми әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдейді. Бұл – ғылымды дамыту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру және ғалымдарды қолдау бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.
ЕҰУ ғалымдарының ең көп дәйексөз келтірілген авторлар қатарына енуі олардың ғылыми еңбектерінің халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланатынын, зерттеу нәтижелерінің өзектілігі мен маңыздылығын және университеттің әлемдік ғылыми кеңістіктегі беделінің артып келе жатқанын көрсетеді.
2021–2025 жылдар аралығында Web of Science дерекқоры бойынша ең көп дәйексөз келтірілген қазақстандық авторлар тізіміне енген ЕҰУ ғалымдары:
Жаратылыстану ғылымдары: Қобланды Ержанов, Құралай Есмаханова, Анастасия Машенцева, Қайрат Мырзакулов, Нурғисса Мырзакулов, Ратбай Mырзакулов, Жайдары Мырзакулова, Гулғасыл Нуғманова, Нұржан Серікбаев, Жанбала Умбетова, Абай Усеинов, Петр Цыба.
Әлеуметтік ғылымдар: Михаил Денисенко, Арай Аманова.
Техникалық ғылымдар: Артем Козловский, Дмитрий Шлимас, Тамара Жуқабаева, Ерқанат Канафин, Қайрат Кутербеков, Елбек Утепов, Ахмад Джавад.
Гуманитарлық ғылымдар және өнер: Шолпан Жарқынбекова, Юлия Шаповал, Мария Логинова, Асель Ақжігітова, Александр Пронин.
