
«Геодезия және картография» кафедрасының студенттері «Тұмар» оқу-сауықтыру орталығында оқу-далалық практикадан өтті

2026 жылғы 1 маусым мен 7 шілде аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Геодезия және картография» кафедрасының 6В07311 – «Геодезия және картография» және 6В07314 – «Қала құрылысын жоспарлау және кадастр» білім беру бағдарламаларының 1 курс студенттері Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Зеренді ауылында орналасқан «Тұмар» оқу-сауықтыру орталығының базасында оқу-далалық практикадан өтті.

Практикаға барлығы 18 студент қатысты, оның ішінде 8 студент – «Геодезия және картография», 10 студент – «Қала құрылысын жоспарлау және кадастр» білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылар. Практика жетекшісі ретінде «Геодезия және картография» кафедрасының оқытушысы Бейсен А.Б. тағайындалды.Оқу-далалық практика білім алушылардың теориялық білімдерін бекітуге, кәсіби құзыреттерін дамытуға және нақты далалық жағдайда инженерлік-геодезиялық жұмыстарды орындау бойынша тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға бағытталды.

Практика барысында студенттер жоспарлы-биіктік негіздеме құру, бұрыштық және сызықтық өлшеулер жүргізу, нивелирлеу жұмыстарын орындау, алынған деректерді өңдеу және топографиялық материалдарды дайындау бойынша кешенді геодезиялық жұмыстарды орындады. Практикалық жұмыстарды жүргізу кезінде заманауи оқу-геодезиялық жабдықтар – CST/Berger DGT2 теодолиты мен CST/Berger SAL 24ND нивелирі қолданылды. Бұл студенттердің кәсіби құралдармен жұмыс істеу тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Практика нәтижесінде студенттер далалық бақылау материалдарын жинақтап, есептік құжаттамаларды әзірледі және алынған нәтижелер бойынша қорытынды жұмыстарын дайындады. Оқу-далалық практика болашақ мамандарды даярлаудың маңызды кезеңі болып табылады және білім алушылардың кәсіби даярлығын, зерттеушілік қабілеттерін және тәжірибелік құзыреттерін дамытуға ықпал етеді.
