
ЕҰУ Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығының кезекті отырысына қатысты

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығының (ҚКУҚ) құрылтайшыларының бірі ретінде Sh. Ualikhanov Kokshetau University ұйымдастырған Қауымдастықтың кезекті отырысына қатысты.
Отырыс барысында ҚКУҚ мүшелері бірауыздан Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетін Қауымдастық құрамына қабылдау туралы шешімді қолдады. Қауымдастық қатарының кеңеюі егде жастағы азаматтарға арналған білім беру жүйесін дамытуға және жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Кездесуде халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға ҚКУҚ президентінің 116-шы Бас ассамблеяның қорытындысы бойынша Үшінші жас университеттерінің халықаралық қауымдастығының (AIUTA) Басқарушы кеңесінің мүшесі болып ресми түрде сайланғаны туралы ақпарат ұсынылды. Бұл маңызды жетістік қазақстандық күміс университеттердің халықаралық беделін арттыруға және шетелдік серіктестік байланыстарын кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сондай-ақ «Тұлпар» спорттық-сауықтыру кешенінің базасында өткен ҚКУҚ-тың алғашқы Жазғы мектебінің қорытындылары таныстырылды. Жоба қауымдастыққа мүше жоғары оқу орындарының өкілдерін біріктіріп, тәжірибе алмасуға, білім алуға және кәсіби дамуға арналған бірыңғай білім беру әрі коммуникациялық алаң қалыптастырды. Талқылау қорытындысы бойынша Жазғы мектепті жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданды.
Халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Үшінші жас университеттерінің халықаралық қауымдастығы (AIUTA) мен Тулуза университетінің ISTHIA институты басшылығының Қазақстанға сапары жоспарлануда.
Сонымен қатар Қауымдастықтың бірыңғай ақпараттық порталын құру жұмыстары жүргізілуде. Бұл портал ҚКУҚ қызметінің ашықтығын арттыруға, мүше жоғары оқу орындары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және халықаралық деңгейде ақпараттың қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығының қызметі аға буын өкілдері үшін қолжетімді, сапалы және тұрақты білім беру ортасын қалыптастыруға, олардың зияткерлік, мәдени, цифрлық және дене дамуын қолдауға, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған.
Барлық жастағы азаматтарға арналған үздіксіз білім беру жүйесін дамыту, тұлғалық әлеуетті жетілдіру, когнитивтік қабілеттерді дамыту, заманауи құзыреттерді қалыптастыру, кәсіби өсуді қолдау және өмір сүру сапасын арттыру – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Үздіксіз білім беру институты қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
