
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Coursera компаниясының өкілдерімен кездесті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов әлемдегі жетекші онлайн білім беру платформаларының бірі - Coursera компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесуге Coursera компаниясынан Орталық Азия бойынша бас директоры Лариса Уиткрофт, Bilim UpSkill компаниясының атқарушы директоры Асель Мухаметжанова, Bilim UpSkill компаниясының әдіснамалық қолдау бөлімінің басшысы Нұрсұлу Сүлейменова және ЕҰУ Цифрландыру жөніндегі проректор - Цифрлық офицер Гүлмира Бекманова, Онлайн оқыту департаментінің директоры Лейля Сәбитова, Жоғары экономика және туризм мектебі директорының орынбасары Баян Еспенбетова, тағы басқа да мамандар мен профессор-оқытушылар қатысты.
Кездесу барысында тараптар жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, цифрлық білім беру ресурстарын оқу үдерісіне кеңінен енгізу, студенттер мен оқытушылардың халықаралық білім беру платформаларына қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ кәсіби құзыреттерді дамыту мәселелерін талқылады.
Ерлан Сыдықов университеттің білім беру сапасын арттыру және халықаралық тәжірибені енгізу бағытындағы жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, әлемдік жетекші білім беру платформаларымен әріптестікті дамыту студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың заманауи еңбек нарығына бейімделуіне ықпал етеді.
«Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білім алушылары Coursera халықаралық білім беру платформасының лицензияларын толық игеріп, түрлі бағыттар бойынша онлайн-курстарды сәтті аяқтап, халықаралық үлгідегі сертификаттарға ие болып келеді. Бұл – студенттеріміздің кәсіби және тұлғалық дамуына, халықаралық деңгейдегі білім мен заманауи дағдыларды меңгеруіне зор мүмкіндік. Осындай маңызды жобаны жүзеге асырып, жастарымыздың әлемнің жетекші университеттері мен сарапшылары әзірлеген курстарға қол жеткізуіне жағдай жасап отырғандарыңыз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз.
ЕҰУ білім алушылары жыл сайын 5 мыңға жуық сертификатқа, ал профессор-оқытушылар құрамы 2023-2026 жж аралығында барлығы 4 мыңнан аса сертификатқа ие болған. Жыл сайын оқытушылар мен студенттер арасында Coursera платформасында үздік нәтижелерге қол жеткізген көшбасшыларды марапаттау игі дәстүрге айналғанына қуаныштымыз. Бұндай үрдіс тыңдаушылар үшін – зор мотивация. Бүгінгі кездесу өзара ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтады деп сенемін. Бірлескен сәтті жобалар жалғасын таба берсін, жұмыстарыңыз жемісті болсын», - деді ректор.
Өз кезегінде Coursera компаниясының Орталық Азия бойынша бас директоры Лариса Уиткрофт платформаның мүмкіндіктерін таныстырып, жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар, бизнес, инженерия, деректерді талдау және басқа да бағыттар бойынша әлемнің жетекші университеттері мен компаниялары әзірлеген онлайн курстарға қолжетімділік беру тетіктеріне тоқталды.
Кездесу барысында Туризм кафдрасының оқытушысы Алтынбек Жакупов пен Мемлекеттік аудит кафедрасының доценті Бахытжамал Жұматаеваға Coursera платформасының курсын сәтті аяқтағаны үшін арнайы сертфикат тапсырылды. Сонымен қатар, білім беру бағдарламаларын жетілдіру, халықаралық сертификаттау мүмкіндіктерін кеңейту және цифрлық оқыту экожүйесін дамыту бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері де сөз болды.
Кездесу қорытындысында тараптар өзара тиімді серіктестікті нығайтуға және жоғары білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау бағытындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
