
Профессор Жамаладен Ибрагимов «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов мемлекеттік награда – «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Жоғары марапат Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Жаңа Конституция ережелерін түсіндіруге, заңдылықты нығайтуға және құқықтық мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін берілді. Медальді профессорға Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек табыстады.
«Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасы азаматтарға әлеуметтік-экономикалық және мәдени салалардағы елеулі жетістіктері, заңдылықты нығайтуға қосқан үлесі, сондай-ақ белсенді қоғамдық қызметі үшін беріледі.
Жамаладен Ибрагимов – көптеген жылдар бойы конституциялық құқық саласындағы еліміздің жетекші ғалымдарының бірі. Оның ғылыми, сараптамалық және ағартушылық қызметі конституциялық құндылықтарды насихаттауға, қоғамның құқықтық мәдениет деңгейін арттыруға және азаматтарға конституциялық реформалардың мазмұнын түсіндіруге бағытталған.
Профессордың жетекшілігімен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде конституциялық реформаларды іске асыру, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және Қазақстанның құқықтық жүйесін дамыту мәселелеріне арналған ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер және пікірталас алаңдары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Профессордың сараптамалық пікірлері мен ғылыми зерттеулері құқықтық сана-сезімді қалыптастыруға және елімізде жүзеге асырылып жатқан өзгерістерді қолдауға елеулі үлес қосуда.
Жаңа Конституцияның мәні мен қоғамдағы рөлі туралы Жамаладен Ибрагимов өз пікірін білдірді:
«Қазақстан Республикасы Конституциясының күшіне енуі мемлекеттік билікті жүзеге асырудың құқықтық негіздерін айқындап, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін нығайтады әрі еліміздің ұзақ мерзімді даму бағытын белгілейді. Жаңа Конституцияның қабылдануы – бұл Негізгі заңды жаңарту ғана емес, сонымен қатар мемлекет, қоғам және азамат арасындағы өзара қарым-қатынастың жаңа үлгісін қалыптастыру.
Конституция мемлекет қызметінің негізгі қағидаттарын кеңейте отырып, егемендік пен тәуелсіздікті қорғауды, заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауды, жалпыұлттық бірлікті нығайтуды, халықтың әл-ауқатын арттыруды және қоғамдық диалогты дамытуды басты басымдықтар ретінде айқындайды.
Тәуелсіздіктің берік негізін сақтай отырып, біз мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруіміз қажет. Бұл – мемлекеттік органдардың, академиялық қауымдастықтың, ғылыми және талдау орталықтарының, сондай-ақ еліміздің құқықтық жүйесін дамытуға атсалысып жүрген барлық мамандардың күш-жігерін біріктіруді талап ететін аса маңызды міндет», – деді ол.
