
ЕҰУ-дың Туризм кафедрасының меңгерушісіне Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының естелік басылымы табысталды

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының естелік басылымын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Арнайы басылымдарды іс-шараға қатысушыларға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тапсырды.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген министр жаңа Конституцияның Әділетті Қазақстанды құру жолындағы маңызды қадам екенін атап өтіп, онда заң үстемдігі, жауапкершілік және қоғамдық бірлік қағидаттары айқын көрініс тапқанын айтты.
«Конституция –-біздің мемлекеттілігіміздің берік іргетасы, елдің стратегиялық дамуын айқындайтын және әрбір азаматтың құқықтарына кепілдік беретін басты құжат. Әділдік, заңдылық және жауапкершілік қағидаттары мемлекеттік институттардың қызметінде ғана емес, күнделікті өмірде, соның ішінде спорт пен туризм салаларында да көрініс табуы аса маңызды. Заңға құрмет, адал еңбек және Отанға қызмет ету - қуатты әрі табысты Қазақстанның негізі», – деді Ербол Мырзабосынов.
Конституцияның естелік басылымдары спорт саласының өкілдеріне, салалық ұйымдардың басшыларына, танымал спортшыларға, спорт ардагерлеріне, сондай-ақ туризм саласының дамуына елеулі үлес қосқан мамандарға табысталды.
Марапатталғандардың қатарында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Туризм кафедрасының меңгерушісі Ләйлә Мұталиева да бар.
«Жаңа Конституция білімнің, дамудың және жастардың еліміздің болашағындағы ерекше рөлін айқындайды. Біз білім арқылы Қазақстанды өркендететін білікті, жауапты әрі бастамашыл мамандарды тәрбиелейміз. Бүгінде жастардың сапалы білім алып, мамандық игеруіне, өз кәсібі бойынша еңбек етіп, идеяларын жүзеге асыруына кең мүмкіндік жасау өте маңызды. Әділетті Қазақстанның дамуына негізгі үлесті дәл жастар қосады», – деді Ләйлә Мұталиева.
Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумның қорытындысы бойынша қабылданып, 2026 жылғы 1 шілдеде күшіне енді.
