
ЕҰУ-да шетелдік студенттердің көші-қон заңнамасын сақтау және қауіпсіздігі мәселелері талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көші-қон заңнамасын сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараға Көші-қон қызметі мен Астана қаласы Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің өкілдері қатысты.
Кездесуге стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов, әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы, халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Анастасия Кармелюк, университеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, Астана қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары, сондай-ақ ҰҚКД өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан Думан Айтмағамбетов университет пен мемлекеттік органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимыл шетелдік білім алушылардың елімізде заңды негізде болуын қамтамасыз етуге және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесу барысында Көші-қон қызметі мен ҰҚКД өкілдері көші-қон заңнамасының негізгі талаптарын түсіндіріп, шетелдік студенттер мен оқытушыларды тіркеу, олардың елде болу мерзімдерін сақтау, қажетті құжаттарды рәсімдеу және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударды.
Университеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен халықаралық ынтымақтастық департаментінің мамандары шетелдік білім алушыларды сүйемелдеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріп, өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру жолдарын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша шетелдік студенттер үшін ақпараттық-түсіндіру кураторлық сағаттарының циклін ұйымдастыру және көші-қон заңнамасын сақтау мәселелері бойынша профилактикалық әрі консультативтік жұмысты күшейту туралы шешім қабылданды.
