
ЕҰУ-да «Тарих» білім беру бағдарламасын дамыту перспективалары талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультеті Қазақстан тарихы кафедрасының ұйымдастыруымен Жұмыс беруші ұйымдар өкілдері қатысқан «Тарих» білім беру бағдарламасы: мәселелер мен перспективалар» тақырыбындағы оқу-әдістемелік семинар өтті.
Семинар жұмысына Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің директоры Сагила Нурланова, Астана қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Жангельды Бимолдин, ҚР ҒЖБМ ҒК Мемлекет тарихы институты Деректану тарихнама және Отан тарихы бөлімінің басшысы Ганий Карасаев, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің ғалым хатшысы Майра Ермекбаева, Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығы Ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Камшат Паримбекова қатысты.
Шараның басталуындағы кіріспе сөзінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай оқу үдерісінде жұмыс беруші ұйымдардың орны мен рөлі зор екендігіне назар аудара келе, университетімізбен атқарып отырған сапалы жұмыстарына алғысын білдірді.
Жұмыс беруші ұйым басшылары Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақстан тарихы кафедрасында маман даярлауда тығыз байланыста бірқатар шаралар атқарылып келгенін және алдағы жоспарларын ортаға салды.
Сондай-ақ, карьера және бизнес әріптестік бөлімінің басшысы Гүлнұр Смағулова, Тарихшылардың ұлттық конгресі Хатшылығының басшысы Жабай Қалиев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Foundation бөлімінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әсел Аманова болашақ тарихшылардың бүгінгі қоғамға қажеттілігі жайында айтты.
Семинар барысында шараның модераторы - Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Құралай Сейтказина «Тарих» білім беру бағдарламасының еңбек нарығындағы орны, оқу және өндірістік практикаларды ұйымдастыру, тарих, архивтану, музей ісі бағыттарында цифрлық біліктілікті арттыру, білім беру бағдарламасына жаңа элективті пәндерді енгізуге қатысты мәселелерді шешуде жұмыс беруші ұйымдармен кафедраның атқарып отырған жұмыстарының оң нәтижелеріне тоқталды.
