
ЕҰУ-да жұмыс берушімен бірлесіп микробіліктілік бағдарламаларын іске қосу мәселесі талқыланды

Техникалық реттеу, стандарттау, сертификаттау және метрология жөніндегі республикалық академияның базасында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлаудың заманауи құралы ретінде микробіліктілікті дамытуға арналған сараптамалық кездесу өтті. Академия техникалық реттеу, стандарттау, сертификаттау, метрология және менеджмент жүйелері салалары бойынша халықаралық стандарттар мен бағдарламалар негізінде оқыту жүргізеді.
Іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Стандарттау, сертификаттау және метрология» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы, профессор Бақыткүл Байхожаева, Техникалық реттеу, стандарттау, сертификаттау және метрология жөніндегі республикалық академияның басшысы Айгүл Дарибаева, сондай-ақ «Стандарттау және сертификаттау» және «Метрология» білім беру бағдарламаларының 3-курс студенттері қатысты.
Кездесу барысында еңбек нарығының мамандар даярлауға қоятын заманауи талаптары, тәжірибеге бағытталған құзыреттерді қалыптастырудағы микробіліктіліктің рөлі, сондай-ақ университет пен жұмыс берушілер арасындағы өзара ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Сонымен қатар кәсіби құзыреттерді қосымша растаудың маңыздылығы мен халықаралық заманауи стандарттар мен тұрақты даму құралдарын меңгерген мамандарға деген сұранысқа ерекше назар аударылды.
Айгүл Дарибаева бүгінде жұмыс берушілердің тек іргелі білімге ғана емес, сонымен қатар саланың қазіргі талаптарына сай дәлелденген практикалық құзыреттерге ие мамандарға мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Академия мен ЕҰУ арасындағы ынтымақтастық түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кездесу аясында кафедраның minor форматында жүзеге асырылатын жаңа микробіліктілік бағдарламалары таныстырылды. Бағдарламалардың мақсаты – білім алушыларға техникалық реттеу, стандарттау, метрология және тұрақты даму салаларында қосымша кәсіби құзыреттерді меңгеруге, сондай-ақ игерілген микробіліктілікті растайтын құжат алуға мүмкіндік беру.
Осындай сараптамалық кездесулерді өткізу университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтуға, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және қазіргі экономиканың өзекті сұраныстарына сай білікті мамандар даярлауға ықпал етеді.
