
ЕҰУ ғалымы Жапонияда өткен суық өңірлердің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ірі халықаралық форумда баяндама жасады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Асқар Жүсіпбеков Жапонияның Саппоро қаласында өткен суық өңірлердің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі XIV халықаралық симпозиумда (ISCORD) баяндама жасады.
Өз баяндамасында ғалым қысқы жағдайда топырақ негіздеріне химиялық аязға қарсы реагенттерді қолдана отырып, қадаларды орнату технологиясына арналған ғылыми зерттеу нәтижелерін таныстырды. Баяндама қатал климаттық жағдайлардағы құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту мәселелерімен айналысатын халықаралық мамандардың қызығушылығын тудырды.
Симпозиум жұмысына әлемнің 20 елінен ғылым, білім және құрылыс саласының 250-ден астам өкілі қатысты. Халықаралық алаң суық өңірлердегі инфрақұрылымды дамытуға арналған заманауи инженерлік шешімдер, инновациялық технологиялар және саланың болашағы жөнінде пікір алмасуға мүмкіндік берді.
Форум аясында қатысушыларға Суық өңірлердегі құрылыс жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының зертханаларына, Хоккайдо өңірлік көлік инфрақұрылымын басқару кеңсесіне, сондай-ақ қарды энергия көзі ретінде пайдалану орталығына техникалық экскурсия ұйымдастырылды. Қатысушылар Жапонияның төмен температура жағдайындағы құрылыс пен инфрақұрылымды пайдалану саласындағы озық технологияларымен және практикалық тәжірибесімен танысты.
Симпозиум аясында өткен көрмеде жапондық жетекші компаниялар суық климат жағдайындағы құрылысқа арналған ең жаңа ғылыми-техникалық жетістіктері мен инновациялық әзірлемелерін ұсынды. Мәдени бағдарлама барысында шетелдік қонақтарға жапонның ұлттық дәстүрлері таныстырылып, кимоно көрсетілімі ұйымдастырылды және Хоккайдо өңірінің дәстүрлі теңіз тағамдары ұсынылды.
Келесі, XV ISCORD халықаралық симпозиумы 2029 жылдың маусым айында Финляндияның Оулу қаласында өтеді. Онда әлемнің солтүстік және суық өңірлеріндегі инфрақұрылымды дамыту мәселелері тағы да халықаралық сарапшылардың талқылауына ұсынылады.
