
ЕҰУ-да мемлекеттік білім беру гранты конкурсына құжат қабылдау басталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2026–2027 оқу жылына мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына құжат қабылдау басталды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен грант конкурсына өтінімдер 13–20 шілде, ал жергілікті бюджет қаражаты есебінен 5–10 тамыз аралығында қабылданады.
Талапкерлер конкурсқа қатысу барысында 4 білім беру бағдарламасы тобын және 4 жоғары оқу орнын таңдай алады. Өтінімді eGov порталы, Ұлттық тестілеу орталығының ақпараттық жүйесі немесе жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы тапсыруға болады. Сондай-ақ құжаттарды Қазақстан Республикасындағы кез келген жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясы арқылы өткізу мүмкіндігі бар.
Грант конкурсына құжат қабылдау кезеңінде ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай талапкерлер мен олардың ата-аналарын құттықтап, ақ жол тіледі.
«Бүгінгі талапкер – ертеңгі елдің білікті маманы. Әрбір талапкер өз қабілеті мен қызығушылығына сай мамандық таңдап, сапалы білім алуға ұмтылады деп сенемін. Биыл Еуразия ұлттық университетіне қабылдау үдерісіндегі маңызды жаңашылдықтардың бірі – білім беру бағдарламалары бойынша шекті балдардың жоғарылауы. Бағдарлама ерекшелігіне қарай ең төменгі шекті балл 90, ал ең жоғары шекті балл 127 болып белгіленді. Бұл талапкерлердің жоғары дайындықпен келуіне және білім алу сапасын арттыруға бағытталған қадам. ЕҰУ жастарға кәсіби дамуға, ғылыми ізденіске және жан-жақты қалыптасуға барлық мүмкіндік ұсынады. Барша талапкерге сәттілік пен ақ жол тілеймін», – деді проректор.
Сонымен қатар, мемлекеттік білім беру гранты конкурсына квота негізінде қатысатын талапкерлер үшін құжаттарды растау тәртібі белгіленген. Аталған санаттарға жататын азаматтар құжаттарының түпнұсқасын қабылдау комиссиясына жеке келіп ұсынуы қажет.
Квота бойынша құжаттарын растауы қажет талапкерлер санатына мыналар жатады:
1. I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар азаматтар және мүгедектігі бар балалар;
2. басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері және жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
3. Қазақстан Республикасының азаматтығы жоқ қазақ ұлтының өкілдері;
4. жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе олардың қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары;
5. кәмелетке толмаған төрт және одан да көп бала тәрбиеленетін отбасылардың балалары;
6. кемінде үш жыл бойы толық емес отбасы мәртебесіне ие отбасылардан шыққан балалар;
7. бала кезінен мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған немесе I және II топтағы мүгедектігі бар адамды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары.
