
ЕҰУ Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық тәжірибесін таныстырды

Астанада Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Ел басқару жөнінде» атты кітабының бесінші томының таныстырылымы өтті. Іс-шараны ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Ақпарат кеңсесі, ҚХР Шетел тілдеріндегі әдебиеттерді басып шығару және тарату департаменті және Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырды.
Жинақта Қытайдың мемлекеттік басқару тәжірибесі, елді жаңғырту, жаһандық даму, халықаралық ынтымақтастық және ортақ өркендеу мәселелеріне қатысты Си Цзиньпиннің негізгі тұжырымдары мен көзқарастары топтастырылған.
Іс-шараға Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдарының өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, ғылыми-сарапшылық қауымдастық пен екі елдің жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Қатысушылар аталған кітаптың Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға, гуманитарлық байланыстарды дамытуға және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететін маңызды еңбек екенін атап өтті.
Іс-шара барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің цифрландыру жөніндегі проректоры Гүлмира Бекманова Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы практикалық ынтымақтастықтың нәтижелерімен бөлісті.
Өз сөзінде ол кездесудің «Иық тіресе ілгерілеп, дамуды бірге еселеу: Қытай-Қазақстан ортақ тағдыр қауымдастығын бірлесіп құру» тақырыбы екі ел арасындағы қазіргі серіктестіктің мәнін айқын көрсететінін атап өтті.
«Қазақстан мен Қытайды тату көршілік, экономикалық әріптестік және ортақ шекара ғана байланыстырып отырған жоқ. Бүгінде бізді жаңғыртуға ұмтылыс, адами капиталды дамыту, технологиялық жаңару және жаңа буын мамандарын даярлау бағытындағы ортақ мақсаттар екі елдің білім және ғылым саласындағы ынтымақтастығын одан әрі нығайтып келеді.
Осы бағыттағы табысты жобалардың бірі – Лу Бань шеберханасы. Бұл жоба Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған «Бір белдеу, бір жол» бастамасының білім беру саласындағы нақты көрінісі. Ол мемлекеттер арасындағы өзара байланыстарды нығайтып, тәжірибе алмасуға, білім беру және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан үшін Лу Бань шеберханасы – жай ғана зертхана немесе оқу аудиториясы емес. Бұл – студенттер заманауи технологиялармен жұмыс істеп, өндірістегі нақты міндеттерді шешуді үйренетін, инженерлік ойлау қабілетін дамытатын тәжірибеге бағытталған инновациялық білім беру алаңы. Сонымен қатар бұл білім беру, ғылым және өндіріс арасындағы байланысты нығайтатын маңызды көпір», - деді проректор.
Бүгінде Еуразия ұлттық университеті мен Тяньцзинь кәсіптік институтының бірлескен жобасы аясында Қазақстандағы екінші Лу Бань шеберханасы құрылуда.
Аталған бастама 2024 жылы қолға алынды. Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының іс-шаралары аясында Қазақстандағы Лу Бань шеберханасын бірлесіп құру туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Кейін Қытайдың Тяньцзинь қаласында екі ел өкілдерінің қатысуымен шеберхананы салу және пайдалану жөніндегі келісімге ресми түрде қол қойылды.
Бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру, ғылым және технология салаларындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтып, жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлауға, инновациялық экожүйені дамытуға және екі елдің ортақ өркендеуіне өз үлесін қосады.
Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, «Аударма тілдері мен форматы: қытай, қазақ және орыс тілдеріндегі синхронды аударма» тақырыбындағы талқылауға қатысты. Сонымен қатар кітаптарды салтанатты түрде сыйға тарту рәсімі өтті.
