
ЕҰУ-дың Күміс университеті тыңдаушылары жазғы демалыс кезінде де белсенді өмір салтын ұстануда

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Үздіксіз білім беру институты жанындағы Күміс университетінің тыңдаушылары жазғы демалысқа қарамастан кездесулерін жалғастырып, қызығушылық клубтарының жұмысына қатысып, жаңа шығармашылық бастамаларды жүзеге асыруда.
Кезекті кездесу табиғат аясында жылы әрі достық атмосферада өтті. Іс-шараның құрметті қонағы халықаралық сән көрсетілімдерінің қатысушысы Құлтай Спанова болды. Ол биыл көктемде Күміс университеттің «Дефиле» клубында алғаш рет модельдік жүрісті меңгеріп, бүгінде Қазақстанның атынан халықаралық сән алаңдарында өнер көрсетіп жүр. Құлтай Спанова шығармашылық жолы туралы әңгімелеп, Күміс университетте алған білімі өзіне сенімділік сыйлап, халықаралық подиумға шығу арманының жүзеге асыруға қалай көиектескенін айтып берді.
Кездесуде модель Замзегүл Бейсембаева да өз тәжірибесімен бөлісті. Ол қатысушыларды модельдік жүрістің негізгі қағидаларымен таныстырып, Еуропаға сапарға дайындық барысы туралы айтып берді және тыңдаушыларды өзінің шығармашылық жобасына қатысуға шақырды.
Күміс университеттің үйлестірушісі Райхан Баймағамбетова оқу жылының қорытындысын шығарып, жүзеге асырылған білім беру бағдарламалары мен алдағы маусымның жоспарлары жөнінде баяндады. Сонымен қатар «Тұлпар» сауықтыру аймағында өткен Қазақстанның Күміс университеттері қауымдастығының Жазғы мектебіне қатысқан тыңдаушылардың әсерлеріне ерекше назар аударылды. Олар алған білімдерімен бөлісіп, еліміздегі Күміс университеттер арасындағы тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті.
Кездесу бағдарламасы аясында Қазақстан тарихы бойынша зияткерлік викторина, белсенді ұзақ өмір сүру тақырыбындағы интерактивті дәріс, есте сақтау мен зейінді дамытуға арналған жаттығулар, сондай-ақ егде жаста өмір сапасын арттыруға ықпал ететін заманауи технологиялардың таныстырылымы ұйымдастырылды.
«Ағзаның ресурстық жағдайы неге байланысты?» атты авторлық курстың лекторы Тота Тоқтасынова тыңдаушыларды өзінің білім беру бағдарламасы аясында өтетін аспаздық шоуға қатысуға шақырды.
Кездесуге қатысушылар ЕҰУ-дың Күміс университеті жазғы демалыс кезінде де олар үшін қарым-қатынас орнатуға, өзін-өзі дамытуға, шығармашылықпен айналысуға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды орта болып қала беретінін атап өтті.
«Күміс университет» жобасы аға буын өкілдерінің зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік әлеуетін дамытуға, үздіксіз білім алуға жағдай жасауға, өмір сапасын арттыруға және белсенді ұзақ өмір сүруді қолдауға бағытталған
