
20 мыңнан астам талапкер ЕҰУ-да оқуды таңдады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 2026–2027 оқу жылына мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау науқаны аяқталды. Құжаттар 13–20 шілде аралығында офлайн және онлайн форматта қабылданды.
Мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысуға құжаттарды қабылдау қорытындысы бойынша еліміздің 20 мыңнан астам талапкері Еуразия ұлттық университетінде бакалавриатқа грантта оқуға ниет білдірді.
Биыл талапкерлер арасында педагогикалық, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (IT), құқық, бизнес және басқару, сондай-ақ инженерлік және құрылыс бағыттарындағы білім беру бағдарламаларына сұраныс жоғары болды.
2026–2027 оқу жылына университет бойынша белгіленген шектік баллдар мамандықтарға байланысты 90 балдан 127 балға дейін бекітілген. Осындай жоғары талаптарға қарамастан, университетті таңдаған талапкерлер саны өткен жылмен салыстырғанда өсім көрсетіп отыр.
Бұл – оқу орнының сапалы білім беру жүйесіне, профессор-оқытушылар құрамының әлеуетіне, білім беру бағдарламаларының сұранысқа ие болуына және түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігіне деген талапкерлер сенімінің айқын көрінісі.
«Құжат қабылдау науқаны белгіленген кестеге сәйкес ұйымдастырылды. Барлық талапкерлерге қажетті кеңес беріліп, құжаттарды офлайн және онлайн форматта тапсыруға толық мүмкіндік жасалды. Енді талапкерлер грант конкурсының нәтижесін күтеді. Грант иегерлерінің тізімі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі бекіткен мерзімге сәйкес 10 тамызға дейін жарияланады.
Биылғы қабылдау науқанының басты ерекшелігі – мемлекеттік қызметтердің барынша цифрландырылуы және ақпараттық жүйелердің өзара ықпалдастығының артуы болды. eGov порталы, Бірыңғай жоғары білім беру платформасы (ЕПВО) және Ұлттық тестілеу орталығының (ҰТО) ақпараттық базаларының интеграциясы талапкерлердің құжаттарын қабылдау және тексеру үдерісін жеделдетіп, мәліметтердің дұрыстығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Электрондық сервистердің тұрақты жұмысы құжаттарды қабылдау кезеңінің ашық, қолжетімді және тиімді ұйымдастырылуына оң ықпал етті», – деді ЕҰУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ләззат Егеубаева.
Айта кетейік, 2026-2027 оқу жылына арналған бакалавриатқа түсу бойынша 72 мыңнан астам білім беру гранты бөлінді. Мемлекет тарапынан ең көп грант инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары бойынша білім беру бағдарламалары топтарына – 16 674 грант, педагогикалық ғылымдарға – 12 228, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға – 10 387, жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика бағыттарына – 9 188 грант берілді.
