
ЕҰУ ғалымдарының мұрағаттағы зерттеу жұмысы

AP26102721 «1918 1920 жылдардағы саяси өзгерістер контекстіндегі халықтың өмір сүру деңгейін талдау: Шығыс Қазақстан мысалында» атты зерттеу бағдарламасының жоспарына сәйкес 2026 жылдың 1-10 шілде аралығында Мәскеу қаласындағы Ресей мемлекеттік әскери архивінде ғылыми іссапар ұйымдастырылды. Зерттеу аясында аталған архив қорларының материалдары зерделенді. Бұл архивтік материалдар ақгвардия армиясы мен әскери корпустардың қызметін, халық көтерілістері мен шаруалар толқуларын, Бас штаб бөлімдерінің қызметін, халықты әскерге жұмылдыру науқандарын, әскери басқару органдары арасындағы хат алмасуды, сондай-ақ Уақытша Сібір үкіметінің заңнамалық және әкімшілік құжаттарын талдауға мүмкіндік берді. Зерттеу барысында аталған қорлардың материалдары қарастырылып отырған мәселенің деректік негізін қалыптастыруда кеңінен пайдаланылады. Ғылыми іссапарға жоба жетекшісі, Саясаттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры -Г.С. Абдрахманова, жобаның бас ғылыми қызметкері Саясаттану кафедрасының қауымдастырылған профессоры- Т.С. Каленова қатысты. Іссапардың мақсаты – 1918–1920 жылдар аралығындағы Шығыс Қазақстандағы саяси трансформациялар кезеңінде халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына ықпал еткен әкімшілік және экономикалық факторларды мұрағаттық деректер негізінде талдау.
