
ЕҰУ-де журналистика бойынша PhD диссертациясы сәтті қорғалды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «8D032 – Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңестің отырысы өтті. Отырыс барысында докторант Аида Сыздықова «8D03204 – Журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ұсынылған диссертациясын сәтті қорғады.
Диссертациялық зерттеудің тақырыбы – «Қазақстандық интернет-коммуникацияның жанрлық жүйесінің трансформациясы». Зерттеу Қазақстандағы интернет-коммуникацияның дәстүрлі жанрларының цифрлық ортадағы эволюциясына, жаңа жанрлар мен форматтардың қалыптасуына, сондай-ақ жанрлық жүйенің мазмұндық және құрылымдық өзгерістеріне арналған.
Диссертациялық кеңес отырысына Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Омаров төрағалық етті. Ғылыми жұмысты талқылауға журналистика, саясаттану және медиакоммуникациялар саласындағы жетекші ғалымдар мен сарапшылар қатысты: Сұлтан Ертай, Марлан Негізбаева, Амангелді Шүрентаев, Бибігүл Каримова, Айтолқын Ашимова, Талғат Қалиев және Дмитрий Гавра. Сондай-ақ, онлайн форматта М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің өкілдері – филология ғылымдарының кандидаттары Наталья Василькова және Мария Васильченко қатысты.
Докторанттың ғылыми кеңесшілері – филология ғылымдарының кандидаты Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбекова және М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филология ғылымдарының докторы, профессоры Наталья Ивановна Клушина (Ресей) зерттеу нәтижелеріне оң баға беріп, жұмыстың ғылыми жаңалығын атап өтті.
Ресми рецензенттер: философия докторы (PhD), Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ғылыми-зерттеу қызметі және инновациялар жөніндегі проректоры Сұлтан Ертай және филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қауымдастырылған профессоры Марлан Оңласынқызы Негізбаева диссертацияға жоғары баға берді.
Диссертациялық кеңес мүшелерінің жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Аида Сыздықова «Журналистика» бағыты бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін беру туралы шешім қабылданды.
Аида Сыздықованы сәтті қорғауымен құттықтаймыз және алдағы ғылыми жолында жаңа жетістіктер тілейміз!
