
ЕҰУ мен Чжэцзян университеті ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне дипломнан кейінгі білім беру бөлімінің қызметкерлері Ю Лей мен Лю Сиси, сондай-ақ аспиранттар тобынан құралған Чжэцзян университетінің делегациясы келді.
Қонақтарды ЕҰУ-дың ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор міндетін атқарушы Абзал Талтенов, халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Анастасия Кармелюк, Ғылым департаментінің ғылыми әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Руслан Каматов және университет өкілі Даулетәлі Ақбарқан қарсы алды.
Кездесу барысында тараптар академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және ортақ білім беру бағдарламаларын әзірлеу бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
1897 жылы негізі қаланған Чжэцзян университеті QS және Times Higher Education халықаралық рейтингтері бойынша әлемнің үздік 50 жоғары оқу орнының қатарында. Университет құрамына 7 факультет пен 37 колледж кіреді. Сонымен қатар, оқу орны әлемнің 180-нен астам жоғары оқу орнымен халықаралық серіктестік байланыс орнатқан.
