
ЕҰУ профессоры Асқар Жүсіпбеков Үндістанда өткен геомеханика бойынша халықаралық симпозиумда негізгі баяндамашы болды

Қазақстан Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Асқар Жүсіпбеков Үндістанның Индор қаласында өткен XII Халықаралық геомеханикадағы табиғи жағдайдағы мониторинг симпозиумына (International Symposium on Field Monitoring in Geomechanics) шақырылған негізгі лектор ретінде қатысты.
Симпозиум жұмысына әлемнің 32 елінен 300-ге жуық маман – ғалымдар, инженерлер, зерттеушілер және халықаралық геотехникалық қоғамдастық өкілдері қатысты. Іс-шара аясында геотехника және құрылыс саласындағы үнділік және халықаралық компаниялардың заманауи әзірлемелері мен технологиялары таныстырылған ауқымды көрме де ұйымдастырылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне құрметті қонақтар мен жетекші халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Құттықтау сөздерін іс-шараның басты қонағы, Мадхья-Прадеш штаты Үкіметінің Су ресурстары министрі Shri Tulsi Ram Silawat, симпозиумның ұйымдастыру комитетінің төрайымы Dr. Neelima Satyam, ISSMGE ұйымының Азия бойынша вице-президенті Dr. Anil Joseph, ISSMGE TC 220 техникалық комитетінің төрағасы Dr. Andrew Ridley және геотехника саласының басқа да танымал мамандары сөйледі.
Өзінің негізгі баяндамасында профессор Асқар Жүсіпбеков Солтүстік Қазақстанның күрделі инженерлік-геологиялық жағдайларында қада қағу жұмыстары кезінде вибромониторинг жүргізу және оның салынып жатқан ғимараттар мен құрылыстарға әсерін бағалау бойынша ғылыми және практикалық тәжірибесін ұсынды.
Симпозиумның маңызды оқиғаларының бірі ө профессор Асқар Жүсіпбековтің Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Құрылыс» кафедрасының постдокторанты, PhD Dr. Ankit Garg-пен бірлесіп ұйымдастырған биогеотехника бойынша арнайы техникалық сессиясы болды.
Сессия жұмысына Гонконг, Үндістан, Таиланд, Қытай және Қазақстаннан ғалымдар мен мамандар қатысты. Қатысушылар биогеотехниканың заманауи даму бағыттарын, геотехникалық құрылыста биотехнологиялық әдістерді қолдану перспективаларын және халықаралық зерттеулердің өзекті нәтижелерін талқылады.
Симпозиумды Үнді геотехникалық қауымдастығы (IGS, Indore Chapter), Индордағы Үнді технологиялық институты (IIT Indore), сондай-ақ Халықаралық топырақ механикасы және геотехникалық инженерия қоғамының (ISSMGE) TC 220 – Field Monitoring in Geomechanics техникалық комитеті ұйымдастырды.
Келесі, XIII Халықаралық геомеханикадағы табиғи жағдайдағы мониторинг симпозиумы 2030 жылы Италияның Неаполь қаласында өтеді.
