
ЕҰУ ғалымы Тұрсын Жұртбай I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды

Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсын Жұртбай ғылым мен мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі, ұлттық мүддеге адалдығы және көп жылғы қажырлы еңбегі үшін жоғары мемлекеттік награда - I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды. Награданы ғалымға Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев табыстады.
Марапаттау рәсімі барысында Мемлекет басшысы ғалымның отандық тарихтың ақтаңдақтарын зерттеуге және ұлттық сананы жаңғыртуға қосқан үлесін атап өтті.
«Сіз Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, оның мұрасын жан-жақты насихаттау бойынша орасан зор жұмыс атқардыңыз. Абай – ұлттың рухани темірқазығы, өскелең ұрпақтың айнымас бағдары. Шын мәнінде, ұлы ойшылды тану – қазақ халқын тану деген сөз. Сіз Мұхтар Әуезов пен ұлттық қайраткерлердің бай мұрасы мен өмір жолы туралы құнды ғылыми еңбектер жаздыңыз. Шоқтығы биік көркем шығармаларыңыз арқылы төл әдебиетіміздің құндылығын арттыра түстіңіз», - делінген Мемлекет басшысының Ақорда сайтында жарияланған сөзінде.
Тұрсын Жұртбайдың ғылыми және шығармашылық қызметі қазақ әдебиетінің тарихын, «Алаш» қайраткерлерінің мұрасын, ұлттық мәдениет пен руханияттың қалыптасу тарихын зерттеуге арналған.
Бүгінде ғалым Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор болып қызмет атқарып, жас зерттеушілер мен студенттерді даярлауға, сондай-ақ отандық әдебиеттануды дамытуға үлес қосып келеді.
Сонымен қатар ол «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығында бас ғылыми қызметкер ретінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Ғалымның еңбектері Қазақстаннан тыс жерлерге де кеңінен танымал. Оның көркем шығармалары мен зерттеулері әлемнің түрлі тілдеріне аударылған, ал ғылыми еңбектері ЮНЕСКО-ның ресми тілдерінде жарық көрген. Бұл – қазақ әдебиеті мен ұлттық руханият мәселелерінің халықаралық ғылыми кеңістікте мойындалуының бір айғағы.
Еуразия ұлттық университеті үшін Тұрсын Жұртбайдың ғылыми-педагогикалық қызметі ұлттық ғылым мен білімнің сабақтастығының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Университет ұжымы ғалымды жоғары мемлекеттік наградасымен құттықтап, шығармашылық және ғылыми қызметінде жаңа жетістіктер тілейді.
