
Моңғолияға ғылыми іссапар: қазақ диаспорасының мәдени мұрасын зерттеу

2026 жылғы 24–29 шілде аралығында «Қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті өзгерту және қайта құру» ғылыми жобасы аясында Моңғолияның Ұланбатыр қаласына ғылыми іссапар ұйымдастырылды.
Экспедиция жұмысына жоба жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Теңгеш Серікбайқызы Қаленова, жоба бас ғылыми қызметкері маманы тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гаухар Сатыбалдықызы Абдрахманова және жоба жетекші ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гүлден Қанатқызы Айқынбаева қатысты.
Ғылыми іссапардың негізгі мақсаты – Моңғолиядағы қазақ диаспорасының қазіргі әлеуметтік-мәдени жағдайын, дәстүрлі мәдениеті мен халық шығармашылығын, ұлттық қолөнер мұрасын сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу тәжірибесін этнографиялық әдістер негізінде зерттеу.
Іссапар барысында Ұланбатыр қаласы мен Налайых ауданының тұрғындарымен бірқатар кездесулер өткізіліп, халық шығармашылығы, дәстүрлі мәдениет, ұлттық құндылықтар және мәдени мұраны сақтау мәселелеріне қатысты сұхбаттар жүргізілді. Этнографиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде Моңғолиядағы қазақ диаспорасының мәдени дәстүрлері, қолөнер саласындағы мұрасы, отбасылық және қоғамдық ортада ұлттық құндылықтарды сақтау тәжірибесі, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраның ұрпақтан ұрпаққа берілу ерекшеліктері жөнінде құнды деректер жинақталды.
Экспедиция аясында «Оюуны орчин» қайырымдылық мекемесінің қолдауымен Налайых ауданының тұрғыны Етікбайұлы Ибрахим атаның және ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында ашылған Сайлау Түкібайқызының жеке музей-киіз үйіне бару ұйымдастырылды. Ғылыми топ музейде дәстүрлі қолөнер туындыларымен танысып, олардың жасалу тарихы, дайындау технологиясы, тұрмыстық қолданысы және мәдени-тарихи маңызы жөнінде мәліметтер жинады.
Сайлау Түкібайқызы – қазақтың дәстүрлі қолөнерін дәріптеп, оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге елеулі үлес қосып жүрген шебер. Музей-киіз үйде сақталған қолөнер бұйымдары қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, эстетикалық талғамын, дүниетанымын және дәстүрлі мәдениетін танытатын маңызды этнографиялық дереккөз ретінде ерекшеленеді.
Экспедиция барысында жоба қатысушылары Ибрахим атамен және Сайлау Түкібайқызымен сұхбаттасып, ұлттық қолөнерді меңгеру және үйрету тәжірибесі, дәстүрлі өнерді сақтау жолдары, отбасылық құндылықтар мен мәдени сабақтастық мәселелері жөнінде деректер жинақтады. Әңгіме барысында қолөнер туындыларының шығу тарихына, оларды әзірлеу әдістеріне, тұрмыста қолданылу аясына және қазіргі мәдени ортадағы орнына ерекше назар аударылды.
Ғылыми іссапар бағдарламасы аясында жоба қатысушылары Моңғолия Ұлттық кітапханасына – Монгол Улсын Үндэсний номын санға барды. Сапар барысында кітапхана қорындағы ғылыми, тарихи және танымдық материалдармен танысып, зерттеу тақырыбына қатысты дереккөздерді зерделеу бағытында жұмыс жүргізілді.
Моңғолия Ұлттық кітапханасы – елдің ұлттық маңызы бар ірі кітапханасы әрі ғылыми-зерттеу орталықтарының бірі. Кітапхана ұлттық жазба және мәдени мұраны сақтау, тарихи-ғылыми деректерді жинақтау мен жүйелеу, сондай-ақ зерттеушілерді қажетті ақпараттық ресурстармен қамтамасыз ету бағытында маңызды қызмет атқарады.
Кітапханаға сапар барысында халықаралық қатынастар жөніндегі маман Батбаяр Нямдоржбен жұмыс кездесуі өткізілді. Кездесу кезінде жоба қатысушылары ғылыми зерттеудің негізгі бағыттары мен мақсаттарын таныстырып, Моңғолиядағы қазақ диаспорасының тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге қатысты мәселелер бойынша пікір алмасты. Кездесу екі ел арасындағы ғылыми-мәдени байланыстарды дамыту және зерттеу барысында дереккөздерді тиімді пайдалану мүмкіндіктерін талқылауға негіз болды.
Іссапар бағдарламасы аясында Шыңғыс ханның ұлттық музейіне де бару ұйымдастырылды. Музей экспозицияларында Ұлы Дала өркениетінің қалыптасуы мен дамуына, Моңғол империясының тарихына және Шыңғыс хан дәуіріне қатысты тарихи-мәдени жәдігерлермен танысуға мүмкіндік туды.
Жалпы алғанда, ғылыми іссапар барысында этнографиялық зерттеу әдістері негізінде Моңғолиядағы қазақ қауымының қазіргі әлеуметтік-мәдени жағдайы, тұрмыс салты, дәстүрлерді сақтау және жаңғырту тәжірибесі, білім беру үдерістері, мәдени-ағартушылық қызметі және этномәдени бастамалары зерделенді.
Зерттеу нәтижелері халық шығармашылығының этномәдени бірегейлікті қалыптастырудағы әлеуметтік рөлін айқындауға, дәстүрлі мәдениеттің қазіргі қоғам жағдайындағы трансформациясы мен сабақтастығын зерделеуге және шетелдегі қазақ диаспорасының мәдени мұрасын сақтау тәжірибесін ғылыми тұрғыдан жүйелеуге негіз болады.
