
Қазақ дастарқаны мен түрік асханасы: ЕҰУ-да халықаралық гастрономиялық жоба жүзеге асты

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан мен Түркия студенттерін екі елдің ұлттық асханалары аясында біріктірген Халықаралық гастрономиялық жазғы мектеп ұйымдастырылды.
Жоба ЕҰУ-дың Үздіксіз білім беру институты мен Экономика және туризм жоғары мектебінің «Туризм» кафедрасы тарапынан Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TİKA) қолдауымен өткізілді.
Жазғы мектептің алғашқы күні қазақ асханасына арналды. Практикалық бөлім басталмас бұрын ЕҰУ «Туризм» кафедрасының меңгерушісі Ляйля Муталиева түркиялық қонақтарды Қазақстанның ұлттық асханасының ерекшеліктерімен таныстырды.
Ол дәстүрлі тағамдардың тарихы мен олардың қазақ халқының мәдениетіндегі маңызы, қонақжайлық дәстүрі және қазақ отбасындағы дастарқанның ерекше орны туралы айтып берді.
«Ұлттық асхана – бұл тек тағамдар мен оларды дайындау тәсілдері ғана емес. Әрбір тағамның артында халықтың тарихы, дәстүрі және белгілі бір өмір салты жатыр», – деді Ляйля Муталиева.
Қазақ асханасының аспазы Жұлдыз Калиева дәстүрлі тағамдарды дайындау бойынша шеберлік сабағын өткізу барысында қазақстандық және түркиялық студенттер тағамдарды бірге дайындап, ұлттық асхананың ерекшеліктерімен таныстырды және соңында өздері әзірлеген тағамдардан дәм татты.
Мұндай формат қатысушыларға қазақ асханасы туралы тек ақпарат алып қана қоймай, оны практикалық жұмыс және тікелей қарым-қатынас арқылы жақынырақ тануға мүмкіндік берді.
Екінші күні қатысушылар «Rixos President Astana» қонақүйінің шеф-аспазы Зауре Жумабекованың жетекшілігімен дәстүрлі түрік тағамдарын бірге дайындады. Шеберлік сабақ барысында қазақ студенттері түрік асханасының ерекшеліктерімен, тағамдарды әзірлеу тәсілдерімен және түрік халқының гастрономиялық дәстүрлерімен танысты.
Туризм және қонақжайлылық саласында білім алып жатқан студенттер үшін қазақ және түрік ұлттық асханаларымен танысудың кәсіби маңызы зор. Жоба студенттердің гастрономия мен туризмге қызығушылығын арттырып, халықаралық байланыстарды нығайтуға және ұлттық асхананы мәдени мұра ретінде дәріптеуге ықпал етті.
Жазғы мектеп қорытындысында қатысушыларға Халықаралық гастрономиялық жазғы мектепке қатысқаны үшін сертификаттар табысталды.
Ұйымдастырушылар Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігіне (TİKA) жобаға көрсеткен қолдауы және Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру мен мәдени ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA) – Түркия Республикасының Үкіметі жанындағы халықаралық техникалық көмек көрсететін мемлекеттік мекеме. 1992 жылы құрылған агенттік бүгінгі таңда әлемнің 150-ден астам елінде жобаларды жүзеге асырып келеді.
