
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылыми кітапханасының өкілдері IFLA WLIC 2026 Дүниежүзілік кітапханалық конгрессіне қатысты

2026 жылғы 10-13 тамыз аралығында Корея Республикасының Пусан қаласында кітапхана және ақпарат саласындағы ең ірі халықаралық кәсіби іс-шаралардың бірі — IFLA WLIC 2026 90-шы Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресі өтті.
Конгресс жұмысына ЕҰУ Ғылыми кітапханасының директоры Оразалиев Бақытжан және Тілеубек Арайлым, ғылыми-зерттеу жұмысы бөлімінің наукометрия бойынша менеджері қатысты.
2026 жылғы Конгрестің тақырыбы «Libraries Powering Transformation» («Трансформацияға бастайтын кітапханалар») болды. Іс-шара бағдарламасы қоғамның трансформациясы, кітапханалардың адамдар өміріндегі рөлінің өзгеруі және заманауи ақпараттық ортаны дамыту мәселелеріне арналды. Кітапханаларды цифрландыруға, жасанды интеллектке, инновацияларға, инклюзивтілікке және тұрақты дамытуға ерекше назар аударылды.
Конгресс аясында ЕҰУ өкілдері халықаралық тәжірибе алмасуға арналған кәсіби сессияларға, воркшоптарға, пікірталастарға және іс-шараларға қатысты. Сонымен қатар қатысушылар кітапхана саласына арналған заманауи технологиялар, цифрлық шешімдер және инновациялық өнімдер ұсынылған халықаралық көрмеге барды.
Бағдарламаның маңызды бөлігі Корея Республикасының кітапхана жүйесімен танысу болды. Busan Metropolitan Library және Silla University Library кітапханаларына бару барысында қатысушылар заманауи кітапхана кеңістіктерімен, цифрлық сервистермен және пайдаланушыларға қызмет көрсетудің инновациялық тәсілдерімен танысты. Корей кітапханаларының қызметіне жасанды интеллект технологияларын белсенді енгізу ерекше қызығушылық тудырды.
IFLA WLIC 2026-ға қатысу кәсіби нетворкинг, тәжірибе алмасу және жаңа халықаралық байланыстар орнату үшін маңызды алаң болды. Конгресс барысында Korean Library Association өкілдерімен және IFLA білім беру бағдарламалары комитетімен кәсіби байланыстар нығайтылды.
Алынған білім, практикалық тәжірибе және халықаралық кәсіби байланыстар ЕҰУ Ғылыми кітапханасының кітапханалық сервистерін одан әрі дамытуға, кітапхана үдерістерін цифрландыруға және ғылыми-зерттеу қызметін қолдауды жетілдіруге ықпал ететін болады.
