
ЕҰУ-да қазақстандық және шетелдік ғалымдар мәдениеттің ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлін талқылады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Дәстүр мен қазіргі заман диалогы: рухани мәдениет ұлттық бірегейліктің негізі ретінде» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Қазақстаннан және шетелдерден келген ғалымдар, оқытушылар, докторанттар мен магистранттар дәстүрлі мәдениет пен халық шығармашылығының қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы ықпалын талқылауда.
Конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Қазіргі ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы халық шығармашылығының әлеуметтік рөлін зерттеу: рухани мәдениетті модификациялау және реконструкциялау» ғылыми бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Ғылыми пікірталастың негізгі алаңдарының бірі – ЕҰУ. Мұнда зерттеушілер дәстүр мен қазіргі заманның өзара байланысын, рухани-мәдени мұраны сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелерін, сондай-ақ әлеуметтік өзгерістер жағдайында халық шығармашылығының дәстүрлі формаларының трансформациясын қарастыруда.
Қатысушылар мәдени сабақтастыққа, яғни дәстүрлердің қазіргі қоғамда қалай сақталып, дамып, жаңа сипатқа ие болып жатқанына ерекше назар аударуда.
Жаһандану, урбандалу және ауқымды мәдени трансформациялар жағдайында бұл мәселелердің өзектілігі артып келеді. Қазіргі әлеуметтік орта мәдени мұраны сақтаумен қатар, оны жаңа ұрпаққа жеткізудің тиімді жолдарын іздеуді талап етеді.
Конференция бағдарламасы төрт негізгі бағытты қамтиды: дәстүрлі этнография және әмбебап рухани құндылықтар; әлеуметтік трансформация жағдайындағы ұлттық бірегейлік; урбандалу мен жаһандық үдерістердің ұлттық бірегейлікке ықпалы; дәстүр сабақтастығы және халық шығармашылығы дамуының заманауи үрдістері.
Конференция аясында пленарлық және секциялық отырыстар өтуде. Сонымен қатар Бурабай курорттық аймағындағы «Nomadius» этнографиялық музейінде «Қазақстандық бірегейлік мәдениетаралық диалогтың негізі ретінде: әлеуметтанулық-мәдени тәсілдердің теориясы мен практикасы» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
Дөңгелек үстел барысында қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, мәдениетаралық диалогты дамыту және мәдени әралуандықты сақтау мәселелері талқыланады. Конференция бағдарламасы Қазақстанның тарихи-мәдени және рухани мұрасымен танысуды да қамтиды.
Халықаралық конференцияға Қазақстанның, сондай-ақ Польша, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей, Бразилия, Қытай және басқа да елдердің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысуда. Мұндай формат әртүрлі тарихи-мәдени дәстүрлерді салыстыруға, ғылыми тәжірибе алмасуды кеңейтуге және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Конференцияның маңызды оқиғаларының бірі – «Қазақ халқының салттық мәдениеті» атты жаңа оқу құралының тұсаукесері болмақ. Басылымның авторы – тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Жамбыл Артықбаев.
