
ЕҰУ студенттері Құрылтай сайлауына қатысуда

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттері Құрылтай депутаттарын сайлауға белсенді қатысып, өздерінің азаматтық міндеттеріне жауапкершілікпен қарайтынын және елдің қоғамдық-саяси өміріне қызығушылық танытатынын көрсетуде.
ЕҰУ аумағында алты сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Мұнда университет қызметкерлері, тиісті сайлау учаскелеріне бекітілген жақын маңдағы үйлердің тұрғындары, сондай-ақ университет білім алушылары дауыс бере алады.
Астанада тұрақты тұратын студенттер дауыс беруді тұрғылықты мекенжайы бойынша жүзеге асырады. Ал Қазақстанның өзге өңірлерінде тіркеуде тұрған білім алушылар университет аумағындағы сайлау учаскелерінде өз таңдауын жасай алады. Сонымен қатар сайлау жазғы демалыс кезеңіне сәйкес келуіне байланысты елорданың жоғары оқу орындарында білім алып жатқан көптеген басқа өңірлерден келген студенттер тұрақты тіркелген жері бойынша дауыс беруде.
Сайлау бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша өтеді. Азаматтар саяси партияларға дауыс береді.
Сәулет-құрылыс факультетінің ғимаратында орналасқан №1 сайлау учаскесінде ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов өз дауысын берді.
Студенттер үшін сайлауға қатысу Конституциялық құқығын жүзеге асырып, азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндік берді. Әсіресе бұл күн алғаш рет дауыс беру мүмкіндігіне ие болған бірінші курс студенттері үшін маңызды болды.
«Бүгін еліміз үшін маңызды әрі тарихи күн: Қазақстан тарихында алғаш рет Конституциялық референдумнан кейін Сенат пен Мәжілістің орнына келген жаңа бір палаталы парламент – Құрылтай депутаттарын сайлап жатыр. Бұл оқиғаның ЕҰУ үшін де маңызы ерекше. Биыл университетке Қазақстанның әр өңірінен көптеген дарынды жастар оқуға түсті. Грант нәтижелері жарияланғаннан кейін біз 18 жасқа толған бірінші курс студенттерімізге өздерінің сайлау құқығын алғаш рет салтанатты түрде жүзеге асыруға мүмкіндік бердік. Студенттер сәулет-құрылыс факультетінің ғимаратында орналасқан алғашқы сайлау учаскесіне қызыл кілеммен өтті. Олар үшін бұл – қос мереке», – деді ЕҰУ әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы.
Жақында кәмелет жасына толған студенттер үшін сайлауға қатысу ересек өмірге жасалған маңызды қадам болды.
«Қазақстан Республикасының әрбір азаматы өз құқықтарын білуі және азаматтық ұстанымын білдіруі керек. Сайлауға қатысу – саналы таңдау жасап, еліміздің дамуына өз үлесіңді қосуға мүмкіндік», – деді ЕҰУ халықаралық қатынастар факультетінің саясаттану кафедрасының 2-курс студенті Равиль Якуда.
Кейбір студенттер үшін сайлауға қатысу азаматтық белсенділіктің қалыпты әрі маңызды көрінісіне айналған.
«Биыл сайлауға үшінші рет қатысып отырмын. Жастар өздерінің азаматтық ұстанымын белсенді түрде көрсетуі керек деп есептеймін. Мен үшін өзімнің сайлау құқығымды жүзеге асырып, жеке ұстанымымды білдіру маңызды», – деді ЕҰУ-дың 4-курс студенті Әлібек Қойланов.
Бірінші курс студенттері де жастардың елдің қоғамдық өміріне қатысуының маңыздылығын атап өтті.
«Болашақ – жастардың қолында. Әрбір дауыс маңызды. Бүгін мен өзімнің сайлау құқығымды жүзеге асыру үшін осындамын», – деді ЕҰУ-дың 1-курс студенті Айша Асылбекова.
