
ЕҰУ-да медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне арналған диссертация сәтті қорғалды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «8D032 – Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңестің отырысы өтті.
Кеңес отырысында «6D050400 – Журналистика» мамандығының докторанты Пернебекова Айжан философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ұсынған диссертациялық жұмысын сәтті қорғап шықты. Зерттеу жұмысында ақпараттық қауіпсіздіктің ғылыми-теориялық тұжырымдары жүйеленіп, еліміздегі заңнамалық құжаттар талданған. Сонымен қатар масс-медиаға жасалатын кибершабуылдардың түрлері, манипулятивтік ақпараттың ұлттық санаға ықпалы арнайы жүргізілген кейс-талдау, контент-талдау негізінде анықталған. Сондай-ақ, санаға сыналай кіретін сыртқы ақпараттық ықпалдың салдары мен төтенше жағдайдағы ақпараттық қауіптер сипатына талдау жасалған. Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға және отандық медианың осы бағыттағы қызметін жетілдіруге арналған тәжірибелік ұтымды ұсыныстар құндылығымен ерекше. Ізденушінің шетелдік ғалымдармен бірге энциклопедиялық еңбекке автор ретінде қатысуы ғылыми жұмыстың ауқымын кеңейте түсті. Сондықтан да кеңес мүшелері зерттеу жұмысына ерекше қызығушылық танытты.
Диссертациялық кеңес отырысына Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Бауыржан Омаров төрағалық етті. Диссертациялық зерттеуге отандық ғылыми кеңесші, профессор Намазалы Омашұлы, шетелдік ғылыми кеңесші ретінде Ыстанбұл университетінің профессоры Айдемир Окай өз пікірін жазбаша жолдап, қолдау көрсетті.
Зерттеу жұмысына ресми рецензенттер С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма мүшесі – ғылым жөніндегі проректоры, философия докторы (PhD) Жұмағали Есенбек және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының қауымдастырылған профессоры Алтын Акынбекова жоғары баға берді.
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері ретінде филология ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және медиаөнер кафедрасының доценті Асима Ишанова, философия докторы (PhD), Астана IT университетінің қауымдастырылған профессоры Айнұр Сләмғажы, философия докторы (PhD), Халықаралық білім беру корпорациясының әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Арайлым Нусипова қатысты.
Кеңес отырысына Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің профессоры Аязби Бейсенқұлов, белгілі қаламгер Әкім Ысқақ, ЕҰУ профессоры Лилия Мұқажанова қатысты.
Ғылыми талқылаудан кейін диссертациялық кеңес мүшелері ашық онлайн дауыс берді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Айжан Пернебековаға «6D050400 - Журналистика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін беру туралы шешім қабылданды.
Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің аға оқытушысы Айжан Пернебекқызына алдағы ғылыми ізденістерінде табыс, жаңа бастамалар мен толағай жетістіктер тілейміз.
