
1825 магистрант ЕҰУ мемлекеттік білім беру гранттарының иегері атанды

2026 жылғы мемлекеттік грант конкурсының нәтижесі бойынша Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін (ЕҰУ) таңдаған 1825 үміткер магистратура бойынша білім беру грантының иегері атанды.
Биыл магистратураға республикалық бюджет қаражаты есебінен білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар 12–18 тамыз аралығында қабылданды.
Конкурсқа қатысу аясында ЕҰУ базасынан 2828 үміткер өтініш берді. Сонымен қатар еліміз бойынша талапкерлер арасында ЕҰУ-дың білім беру бағдарламаларына деген жоғары сұраныс байқалды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша 70 білім беру бағдарламалары тобы бойынша конкурсқа қатысушылардың:
3973 үміткер ЕҰУ-ды бірінші таңдауы ретінде;
2778 үміткер екінші таңдауы ретінде;
1539 үміткер үшінші таңдауы ретінде көрсетті.
Осылайша, жалпы конкурс барысында 8 мыңнан астам үміткер ЕҰУ-ды өз таңдауларының қатарына енгізді.
Бұл көрсеткіш - университеттің білім беру сапасына, академиялық ортасына және магистратура бағдарламаларына деген жоғары сенім мен сұраныстың айқын дәлелі.
Конкурс қорытындысы бойынша 1825 үміткер ЕҰУ-дың магистратурасына мемлекеттік білім беру грантымен қабылданды. Бұдан бөлек, 4 үміткер жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) грантына, 200-ден астам үміткер ақылы негізде, ал 6 үміткер стипендиялық бағдарламалар бойынша оқуға қабылданды.
ЕҰУ ұжымы грант иегерлерін жеңісімен құттықтайды!
Жаңа оқу жылында университет қабырғасында білім алатын жас зерттеушілерге сәттілік, биік мақсаттар мен ғылыми жетістіктер тілейміз!
