
Ерлан Сабитов «Құрметті сәулетші» төсбелгісімен марапатталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің сәулет-құрылыс факультетінің деканы, «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс технологиясы» кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ерлан Сабитов «Құрметті сәулетші» төсбелгісімен марапатталды.
Архитектура және қала құрылысы саласындағы ерекше еңбегі үшін берілген құрметті марапатты Ерлан Сабитовқа ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов табыстады.
Ерлан Сабитовтың кәсіби қызметі құрылыс саласымен, ғылыми және педагогикалық жұмыстармен тығыз байланысты. 1995 жылы Жезқазған тау-кен технологиялық институтын «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс» мамандығы бойынша үздік тәмамдап, құрылыс инженері біліктілігін алды. Институтты бітіргеннен кейін еңбек жолын «Құрылыс өндірісі» кафедрасының ассистенті қызметінен бастады.
1999 жылы Ерлан Сабитов Мәскеудегі Тұрғын үй және қоғамдық ғимараттар жөніндегі орталық ғылыми-зерттеу және жобалау институтының (ЦНИИЭП жилища) аспирантурасына оқуға түсіп, 2004 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
Оның негізгі ғылыми бағыты – құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларды өндіру. Ол көптеген жылдар бойы заманауи құрылыс материалдары мен технологиялары саласында зерттеулер жүргізіп, ғылыми жұмысты құрылыс саласына білікті мамандар даярлау ісімен ұштастырып келеді.
2005 жылдан бастап Ерлан Сабитов Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек етіп келеді. Еңбек жолын құрылыс кафедрасының доценті қызметінен бастап, кейін «Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс технологиясы» кафедрасын басқарды. 2022 жылдан бастап ЕҰУ сәулет-құрылыс факультетін басқарып келеді.
Көп жылғы еңбегі және ғылым мен білімді дамытуға қосқан үлесі үшін Ерлан Сабитов бірнеше рет алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталған. Оның марапаттарының қатарында «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалі және Л.Н. Гумилев атындағы медаль бар.
«Құрметті сәулетші» төсбелгісі – Ерлан Сабитовтың кәсіби еңбегіне, құрылыс саласын дамытуға, ғылыми қызметке және білікті мамандар даярлауға қосқан көп жылғы үлесіне берілген кезекті жоғары баға.
