
Сәулет-құрылыс факультеті 1-курс студенттерін салтанатты түрде қарсы алды

1 қыркүйек – Білім күніне орай Сәулет-құрылыс факультетінде 1-курс студенттерін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде Сәулет-құрылыс факультетінің бірінші курс студенттерімен салтанатты кездесу ұйымдастырылды. Бұл күн – білім алушылардың университет қабырғасындағы жаңа кезеңінің бастауы. Алдағы уақытта студенттер құрылыс саласы бойынша сапалы білім алып, таңдаған мамандықтарын меңгеріп, еліміздің құрылыс индустриясының дамуына өз үлестерін қосатын болады.
Салтанатты іс-шараға Сәулет-құрылыс факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Е. Е. Сабитов және кафедра меңгерушілері қатысты.
Факультет басшылығы алғаш рет университет табалдырығын аттаған студенттерді жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, оларға мықты денсаулық, табандылық, үздіксіз ізденіс және жаңа бастамаларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар студенттік өмірде белсенді болып, білім алуға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Салтанатты жиыннан кейін бірінші курс студенттері білім беру бағдарламалары бойынша тиісті кафедраларға бөлініп, кафедра меңгерушілері және профессор-оқытушылар құрамымен танысты. Сондай-ақ білім алушылар кураторларымен танысып, академиялық топтарда кураторлық сағаттарға қатысты. Кураторлық сағат барысында студенттерге оқу процесі, университеттің ішкі тәртіп ережелері, білім беру бағдарламалары және студенттік өмірге қатысты маңызды ақпараттар түсіндірілді. Академиялық топтардың старосталары тағайындалды.
Кездесу барысында бірінші курс студенттерінің университеттік ортаға тез бейімделіп, оқу процесіне сәтті кірісуіне бағытталған жұмыстар жүргізілді.
Сәулет-құрылыс факультеті жаңа оқу жылында барлық бірінші курс студенттеріне сәттілік тілейді!
