
Нурбек Сапарходжаев ЕҰУ-дың ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры болып тағайындалды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Директорлар кеңесінің шешімімен Нурбек Сапарходжаев Басқарма мүшесі – ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор болып сайланды.
Нурбек Сапарходжаев – «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша PhD, қауымдастырылған профессор.
Ол Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетін, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша АҚШ-тағы Арканзас университетін, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің PhD докторантурасын тәмамдаған.
Жоғары білім, ғылым, ақпараттық технологиялар және басқару салаларында мол тәжірибесі бар. Кәсіби еңбек жолын 2003 жылы жүйелік инженер ретінде бастаған. Әр жылдары оқытушы, сарапшы-талдаушы, IT-үйлестіруші, жоба жетекшісі, бағдарламалық жасақтама әзірлеу жөніндегі директор, кафедра меңгерушісі, инженерлік факультет деканы және проректор қызметтерін атқарған.
2021–2024 жылдары жоғары білім беру саласында бірқатар басшылық қызметтер атқарды. Атап айтқанда, ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор, академиялық мәселелер жөніндегі проректор және бірінші проректор қызметтерінде болды. 2022–2023 жылдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Қазіргі қызметіне тағайындалғанға дейін Нурбек Сапарходжаев Рудный индустриялық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры қызметін атқарды.
