
ЕҰУ-да Лаос Президенті Тхонглун Сисулит дәріс оқыды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Лаос Халық Демократиялық Республикасының Президенті Тхонглун Сисулитпен студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының кездесуі өтті.
Сапар аясында Лаос ХДР Президенті ЕҰУ-да халықаралық ынтымақтастық, білім беруді дамыту және Қазақстан мен Лаос арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелеріне арналған дәріс оқыды.
Тхонглун Сисулит мемлекеттердің болашағын қалыптастыруда жастар мен университеттердің айрықша рөл атқаратынын атап өтіп, халықаралық диалогтың, білім алмасудың және халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол ЕҰУ-дың Лаос университеттерімен байланысын одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді.
«Бүгін Қазақстан Республикасы мен Лаос Халық Демократиялық Республикасы арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Қазақстанда білім алған Лаос азаматтары бүгінде мемлекеттік қызметтің жауапты лауазымдарында еңбек етіп, өз елінің дамуына үлес қосып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанмен тоғыз негізгі бағыт бойынша, соның ішінде білім беру саласында ынтымақтастықты дамытуға дайынбыз. Сонымен қатар екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы байланысты кеңейтіп, атап айтқанда, студенттердің академиялық ұтқырлығын дамытуға ұсыныс білдіреміз», – деді Лаос Президенті.
Лаос Президенті студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының сұрақтарына жауап беріп, халықаралық диалог, білім алмасу және жастардың мемлекеттерді дамытудағы рөліне қатысты мәселелерге баса назар аударды.
Мәртебелі мейманды қарсы алған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Лаос Президентінің елдегі жетекші жоғары оқу орындарының біріне келуінің айрықша маңызын атап өтті. Министрдің айтуынша, Тхонглун Сисулиттің, оның ішінде білім беру саласындағы көп жылғы кәсіби және мемлекеттік қызметтегі тәжірибесі бұл кездесудің қазақстандық академиялық қауымдастық үшін мәнін арттыра түседі.
«Студенттеріміз бен оқытушыларымыз үшін Лаостың дамуы мен білім беру жүйесінің қалыптасуына көптеген жылдар бойы үлес қосқан мемлекет басшысынан осы елдің өткені мен бүгініне қатысты ой-пікірін білу үлкен мүмкіндік. Лаостың қалыптасу тарихы, елдің жүріп өткен жолы және оның одан әрі даму перспективалары жөніндегі Сіздің көзқарасыңыз академиялық орта үшін қызықты әрі пайдалы болады деп сенемін. Бүгінде Қазақстан мен Лаос арасындағы, соның ішінде білім, ғылым және кадр даярлау салаларындағы өзара байланысты кеңейтуге мүмкіндік мол. Екі ел арасындағы мұндай байланыстар халықтарымыздың бір-бірін тереңірек түсінуіне жол ашып, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастырғанын қалаймыз», – деп атап өтті Саясат Нұрбек.
Министр Қазақстан cонымен қатар ұзақ мерзімді даму мақсаттарына қол жеткізуде білім, ғылым, инновациялар мен адами капиталды дамытуды негізгі басымдықтар ретінде қарастыратынын атап өтті.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Қазақстан мен Лаос арасындағы білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге зор мүмкіндік бар екенін айтты.
«Студенттеріміз, оқытушыларымыз бен жас зерттеушілеріміз үшін мемлекет басшысының қазіргі даму үдерістері, халықаралық ынтымақтастық, білім беру және болашақты қалыптастырудағы жас ұрпақтың рөлі жөніндегі көзқарасымен танысу – үлкен мәртебе әрі бірегей мүмкіндік. Бүгінгі кездесу жаңа бірлескен бастамаларға, академиялық байланыстарды кеңейтуге және перспективалы жобаларды жүзеге асыруға негіз болады деп сенемін», – деді ректор.
Халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосқан айрықша үлесін ескере отырып, ЕҰУ Ғылыми кеңесінің шешімімен Тхонглун Сисулитке ЕҰУ-дың құрметті профессоры атағы берілді.
Кездесу соңында Президент бастаған Лаос ХДР делегациясы Түркі жазуы тарихы музейі мен «Күлтегін» ескерткішін аралап, көне түркі жазуы мен өркениетінің тарихынан сыр шертетін бірегей материалдармен танысты.
