
ЕҰУ-да Еуразиялық даму банкі аудиториясы ашылып, МЖӘ бойынша стипендиялық бағдарлама басталды

Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) бойынша стипендиялық бағдарламаны іске қосып, ЕАДБ аудиториясын ашты. Осылайша білім беру, ғылыми зерттеу және практикалық тәжірибе бір алаңда тоғысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, енді Еуразиялық даму банкінің МЖӘ саласындағы зерттеулерге арналған стипендиясын жеңіп алуға болады.
Стипендиялық бағдарлама Қазақстандағы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті (МЖӘ) зерттеуге және оның тәжірибелік тұрғыда дамуына қызығушылық танытатын дарынды студенттерді қолдауға бағытталған.
Бағдарлама аясында байқау негізінде іріктеу өткізіледі. Байқау жеңімпаздары зерттеу жүргізу кезеңінде 600 АҚШ доллары көлемінде стипендия, сараптамалық кеңес алу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ олар өз жұмыстарының нәтижелерін ЕАДБ ұйымдастыратын іс-шараларда және Банкке қатысушы елдерде, соның ішінде ЕАДБ-ның МЖӘ бойынша стипендия иегерлерінің халықаралық семинарларында таныстыра алады.
«ЕҰУ-да ашылған Еуразиялық даму банкі аудиториясы заманауи мультимедиялық құрал-жабдықтармен жабдықталып, ЕАДБ мен ЕҰУ-дың фирмалық стилінде безендірілген. Аудитория МЖӘ және Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық үдерістер бойынша дәрістер мен семинарлар, жобалық сессиялар, сараптамалық пікірталастар және ғылыми-практикалық конференциялар өткізуге арналған алаң болады», - деді ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай.
ЕАДБ-ның МЖӘ жобалары жөніндегі директоры Светлана Маслованың айтуынша, жаңа бағдарлама студенттердің кәсіби бағытын ерте кезеңнен қалыптастырып, жобаларды талдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
«ЕАДБ-ның МЖӘ бойынша стипендиялық бағдарламасы студенттерге ерте кәсіби бағдар беріп, жобаларды талдау дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Ал халықаралық бағыт ЕАДБ-ға қатысушы барлық елдердің ұлттық МЖӘ модельдеріне салыстырмалы бағалау жүргізуге жағдай жасайды. Нәтижесінде Қазақстанда ғана емес, бүкіл Еуразия кеңістігінде МЖӘ жобаларын әзірлеуге және іске асыруға қатыса алатын кадрлық резерв қалыптасады. Студенттер тек академиялық білім алып қана қоймай, нақты МЖӘ жобаларының қалай жүзеге асырылатынын түсіне алады. Жаңа білім беру алаңының негізгі мақсаты да осы», - деді Светлана Маслова.
