
ЕҰУ-да «ЕНУград» жобасын жүзеге асырудың келесі қадамдары талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде университет инфрақұрылымын дамытуға бағытталған перспективалы жобалардың бірі – «ЕНУград» жобасын іске асыруға арналған жұмыс кеңесі өтті.
Жиынға университет басшылығы, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, Инвестициялар комитеті, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, сондай-ақ әлеуетті инвесторлар – South Invest Group және YNTYMAG Construction компанияларының өкілдері қатысты.
Кездесуде жобаны одан әрі дамыту мен оны практикалық іске асыру кезеңіне көшіру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, жоспарланған жұмыстар мен келесі кезеңдер, қаржылық-экономикалық модельді (ҚЭМ) қалыптастыру, жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) форматында жүзеге асыру мүмкіндіктері, сондай-ақ негізгі ұйымдастырушылық, инвестициялық және құқықтық мәселелер қарастырылды.
Сонымен қатар университет, мемлекеттік органдар мен инвесторлар арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі күшейтуге ерекше назар аударылды. Кездесу барысында жұмыстың негізгі бағыттары мен қосымша пысықтауды қажет ететін мәселелер айқындалды.
Жиын қорытындысы бойынша «ЕНУград» жобасын ілгерілету және оны жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмысты жалғастырудың алдағы қадамдары белгіленді.
