
Білім жоғары мектебінде бірінші курс білім алушыларының бейімделу апталығы қорытындыланды

2026–2027 оқу жылының басталуына орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Білім жоғары мектебіне қабылданған бірінші курс білім алушылары үшін бейімделу апталығы ұйымдастырылды.
Бейімделу апталығының негізгі мақсаты – бірінші курс білім алушыларын университеттің академиялық ортасымен, оқу үдерісін ұйымдастыру ерекшеліктерімен, ішкі тәртіп ережелерімен, университет құрылымы мен инфрақұрылымымен таныстыру, сондай-ақ олардың жаңа білім беру ортасына бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсету болды.
Бейімделу апталығы 1 қыркүйекте жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты іс-шарадан басталды. Одан кейін білім алушылар Білім жоғары мектебінің басшылығымен, профессор-оқытушылар құрамымен, эдвайзерлерімен және кураторларымен танысты. Кездесулер барысында білім беру бағдарламаларының ерекшеліктері, оқу үдерісін ұйымдастыру тәртібі және білім алушыларға көрсетілетін академиялық қолдау туралы ақпарат берілді.
Апта барысында бірінші курс білім алушыларына оқу үдерісін ұйымдастыру, кредиттік оқыту технологиясы, сабақ кестесі, сабаққа қатысу талаптары, білім алушылардың құқықтары мен міндеттері, ішкі тәртіп ережелері және университеттің ақпараттық жүйелерін пайдалану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар білім алушылар Ар-намыс және мінез-құлық кодексінің негізгі талаптарымен, академиялық адалдық, жауапкершілік және өзара сыйластық қағидаттарымен танысты.
Бейімделу апталығы аясында білім алушылар университеттің оқу ғимараттары мен негізгі инфрақұрылымдық нысандарымен танысты. ЕҰУ кітапханасына ұйымдастырылған таныстыру барысында кітапхана қоры, оқу залдары, электрондық ресурстар, оқу және ғылыми әдебиеттерді іздеу мен пайдалану мүмкіндіктері туралы ақпарат берілді.
Білім алушылар университет музейлеріне де барып, ЕҰУ-дың құрылу тарихымен, қалыптасу және даму кезеңдерімен, жетістіктерімен және тарихи-мәдени мұрасымен танысты. Бұл іс-шаралар бірінші курс білім алушыларының университет тарихы мен құндылықтары туралы түсініктерін кеңейтуге бағытталды.
Сонымен қатар бейімделу апталығы барысында білім алушылар университеттің құрылымдық бөлімдерінің қызмет бағыттарымен және академиялық, әлеуметтік, тәрбие және ұйымдастырушылық қолдау мүмкіндіктерімен танысты. Кураторлар мен эдвайзерлер білім алушылардың оқу үдерісі мен университеттік өмірге қатысты сұрақтарына жауап беріп, қажетті кеңестер мен түсіндірмелер берді.
Апталық барысында білім алушылардың өзара танысуына, топтық қарым-қатынас орнатуына және университеттік ортаға кірігуіне де ерекше көңіл бөлінді. Бірқатар топтарда топ басшылары сайланып, жаңа оқу жылына байланысты ұйымдастырушылық мәселелер талқыланды.
Бейімделу апталығының қорытындысы бойынша бірінші курс білім алушылары оқу үдерісін бастауға қажетті негізгі ақпаратпен қамтамасыз етіліп, университеттің академиялық және әлеуметтік ортасымен, инфрақұрылымымен және білім алушыларға ұсынылатын мүмкіндіктерімен танысты. Алдағы уақытта олардың университеттік ортаға бейімделуін қолдау жұмыстары Білім жоғары мектебінің профессор-оқытушылар құрамы, эдвайзерлері мен кураторлары тарапынан жүйелі түрде жалғасады.
