
ЕҰУ мен Харбин политехникалық университеті Қазақстан-қытай инновациялар және жасанды интеллект орталығын ашты

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қытай Халық Республикасының Харбин политехникалық университетімен бірлесіп ұйымдастырылған халықаралық дөңгелек үстел өтті. Кездесудің басты оқиғасы – Қазақстан-қытай инновациялар, жасанды интеллект және ғылыми-мәдени алмасу орталығының ашылуы болды.
Жаңа орталық Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім беру ынтымақтастығын одан әрі дамыту, бірлескен зерттеу жұмыстарын кеңейту, инновациялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ екі ел арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды нығайту мақсатында құрылды.
Орталықтың ашылуы ЕҰУ мен Харбин политехникалық университеті арасындағы серіктестікті дамытудағы маңызды қадам болды. Ол ғалымдар, оқытушылар мен жас зерттеушілердің өзара іс-қимылы үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.
Дөңгелек үстел барысында цифрлық трансформацияның өзекті мәселелері және жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуымен байланысты заманауи сын-қатерлер талқыланды.
Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі deepfake технологиялары мен әлеуметтік инженерияны пайдалана отырып жасалатын онлайн-алаяқтық мәселесі болды. Қатысушылар цифрлық қылмыстардың жаңа түрлеріне қылмыстық-құқықтық тұрғыдан қарсы іс-қимыл жасау мәселелерін, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру перспективаларын талқылады.
Іс-шараға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және басқа да елдерден ғалымдар, профессорлар мен жас зерттеушілер қатысты. Халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, зерттеу тәжірибесімен алмасуға және жаңа бірлескен ғылыми жобаларды қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі кездесу – цифрлық дәуірдің өзекті мәселелерін талқылау мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытудағы маңызды қадам. Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуы жаңа мүмкіндіктер ашумен қатар, жаңа сын-қатерлерді де қалыптастырады. Сондықтан ғалымдар мен жас зерттеушілердің бірлескен зерттеулері ерекше маңызға ие», - деп атап өтті Ардақ Бейсенбай.
Харбин политехникалық университеті Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің партия ұйымының хатшысы Чжоу Чжиго екі университет арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығына тоқталды.
«Біз Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдетуге және жаңа ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайынбыз. Ашылған орталық екі ел арасындағы ғылыми, технологиялық және мәдени алмасудың маңызды алаңына айналатынына сенімдімін», - деді Чжоу Чжиго.
Іс-шара аясында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің жас ғалымдарына арналған «Цифрлық зорлық-зомбылық түрлері: қоғамды цифрландыру жағдайында онлайн-буллингке, сталкингке және психологиялық зорлық-зомбылыққа қылмыстық-құқықтық қарсы іс-қимыл» тақырыбында ғылыми семинар да өтті.
Заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Сматлаев және ЕҰУ-дың басқа да өкілдері баяндама жасап, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінде адамның дауысын, бейнесін, тіпті қарым-қатынас мәнерін де жеткілікті дәрежеде нанымды түрде имитациялау мүмкін болып отыр. Бұл алаяқтық жасаудың дәстүрлі тәсілдері туралы қалыптасқан түсініктерді өзгертуде.
Егер бұрын азаматтар әңгімелесушінің сыртқы келбетіне, дауысына немесе тұлғасына сүйене отырып, ақпараттың шынайылығын бағалай алса, бүгінде бұл белгілердің өзі ақпараттың дұрыстығына әрдайым кепіл бола алмайды.
Осыған байланысты заң ғылымының алдында жаңа мәселелер мен өзекті сұрақтар туындап отыр», - деді Бауыржан Сматлаев.
Жас зерттеушілер жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, цифрлық қауіпсіздік, мәдени алмасу және Қазақстан-қытай ғылыми ынтымақтастығы мәселелеріне арналған ғылыми әзірлемелерін таныстырды.
