
Күміс университет ЕҰУ-да «Егде жастағы әйелдерге арналған модельдік жүрістің негіздері» курсы аяқталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Үздіксіз білім беру институты Күміс университет тыңдаушыларына арналған «Егде жастағы әйелдерге арналған модельдік жүрістің негіздері» атты оқу курсын өткізді.
Курс лекторы Жаннета Жалмұхамедова тыңдаушыларды әдемі әрі сенімді жүрістің негізгі қағидаларымен таныстырып, дұрыс дене қалпының, сымбаттылық пен қозғалыс мәдениетінің маңызы туралы айтып берді. Практикалық сабақтар барысында қатысушылар дене қалпын дұрыс ұстауды, қозғалыс кезінде тепе-теңдік пен тұрақтылықты сақтауды, сондай-ақ жүріп-тұру және аудитория алдында өнер көрсету кезінде өздерін сенімді сезінуді үйренді.
Курс барысында жас ерекшелігіне қарамастан әр адамның өзіндік ерекшелігін, өзіне деген сенімділігін дамытуға және табиғи сымбаттылығын айқындауға ерекше көңіл бөлінді.
Топ старостасы Нағима Қисыкова оқу барысынан алған әсерімен бөлісті: «Курстың ұйымдастырылуына өте ризамыз. Менің ойымша, әр адамның өз жасына және жеке ерекшелігіне сай әдемі әрі сымбатты жүрісі болуы керек. Сабақтардың арқасында өзімізге деген сенімділігіміз артты, мұны айналамыздағы адамдар да байқай бастады. Өткен жылы біз “Дефиле” клубын құрған болатынбыз. Бүгінде бізге әртүрлі жастағы адамдар хабарласып, осындай сабақтарды жас шектеуінсіз ұйымдастыруды сұрайды.
Бізге өзімізді жетілдіруге, дамуға және жаңа қабілеттерімізді ашуға мүмкіндік берген Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Үздіксіз білім беру институтына зор алғысымызды білдіреміз».
Күміс университет тыңдаушысы Замзегүл Бейсембаева да курстың мазмұны мен практикалық бағыттылығына жоғары баға берді:
«Шынымды айтсам, осы оқу барысында мен басқа модельдік агенттікте екі ай оқыған кезімдегіден бірнеше есе көп білім алдым. Жаннета Маратовна тек подиумда жүруді үйретіп қана қоймайды. Ол әрбір детальды түсіндіреді, қателерімізді түсінуге көмектеседі, әр модельдің жеке ерекшелігін ашады және өз білімін шын жүрегінен бөліседі.
Осындай тамаша мүмкіндік берген Күміс университетке де ерекше алғысымды білдіремін. Дефилені үйренуге, дамуға, өзімді жаңа бағытта сынап көруге және жасқа қарамастан өз қабілеттерімді ашуға мүмкіндік алдым. Білім алуға, жаңа мүмкіндіктерге және осы жолда кездескен жақсы адамдарға алғысым шексіз. Дәл осы жерге келгеніме өте қуаныштымын!»
Бүгінде Күміс университеттің «Дефиле» клубы қозғалыс мәдениетін, модельдік жүрісті, сахналық мінез-құлықты, эстетикалық талғамды, өзіне деген сенімділікті және шығармашылық әлеуетті дамытуға қызығушылық танытатын 40-тан астам аға буын өкілін біріктіреді.
Клубтың қызметі практикалық сабақтар, шеберлік сыныптары, дайындық жұмыстары, дефиле және шығармашылық кездесулер өткізуді, сондай-ақ тыңдаушылардың университеттік, қалалық және халықаралық іс-шараларға қатысуын қамтиды.
«Дефиле» клубының негізгі мақсаты – стильдің, сұлулықтың, шығармашылықтың және белсенді өмір салтының жас ерекшелігіне шектеу қоймайтынын көрсету. Күміс университеттің клубтық форматы аға буын өкілдеріне қарым-қатынас жасауға, өзін-өзі жүзеге асыруға және қоғамдық белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретін орта қалыптастырады.
«Дефиле» клубының қызметі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Күміс университетінің негізгі тұжырымдамасымен – белсенді ұзақ өмір сүруді, үздіксіз білім алуды, әлеуметтік белсенділікті және адамның өмір бойы шығармашылық әлеуетін ашуды қолдаумен тығыз үндеседі.
