
ЕҰУ Глазгода өткен EAIE 2026 халықаралық конференциясына қатысты

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің делегациясы Ұлыбританияның Глазго қаласында өтіп жатқан халықаралық білім беру саласындағы EAIE 2026 конференциясы мен көрмесіне қатысты.
EAIE 2026 әлемнің түкпір-түкпірінен 7 000-нан астам халықаралық білім беру саласының маманын біріктірді. Бағдарлама аясында халықаралық әріптестік, академиялық ұтқырлық, білім беру мен ғылымды интернационалдандыру, шетелдік студенттерді қабылдау, жоғары оқу орындарының стратегиялық дамуы және жоғары білім беру саласындағы өзге де өзекті мәселелерге арналған 240-тан астам сессия мен іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында ЕҰУ көрме алаңында университеттің стендін ұсынып, қатысушыларды оқу орнының білім беру және ғылыми әлеуетімен, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарымен және жүзеге асырылып жатқан жобаларымен таныстырды.
Бағдарламаның маңызды бөлігі шетелдік жоғары оқу орындары мен білім беру ұйымдарының өкілдерімен іскерлік кездесулерге арналды. Кездесулер нәтижесінде ЕҰУ әлемнің 50-ден астам университеті мен ұйымының өкілдерімен байланыс орнатып, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылады.
Олардың қатарында University of Alberta, Leiden University (Нидерланд), University of Antwerp (Бельгия), The Chinese University of Hong Kong, University of Macau, University of Warsaw, Korea University, Linköping University (Швеция), Anadolu University, California State University, Instituto Superior Técnico (Португалия), University of Fribourg (Швейцария), University of Amsterdam (Нидерланд), University of Barcelona (Испания) және басқа да жетекші жоғары оқу орындары бар.
Келіссөздер барысында академиялық алмасу бағдарламаларын дамыту, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыру, Erasmus+ бағдарламасы аясындағы ынтымақтастық, серіктестік желісін кеңейту және университеттер арасындағы байланысты дамытудың жаңа бағыттары талқыланды.
EAIE 2026 алаңындағы жұмыс ЕҰУ-дың қолданыстағы байланыстарын нығайтып, жаңа серіктестермен ынтымақтастық орнатуға және университеттің халықаралық білім беру кеңістігіндегі позициясын одан әрі нығайтуға мүмкіндік берді.
Айта кетейік, ЕҰУ бұған дейін Роттердам, Тулуза және Гётеборг қалаларында өткен EAIE конференцияларына да қатысқан.
