
ЕҰУ-дың аға оқытушысы, PhD астрономия және астрофизика саласындағы үздік докторлық диссертация үшін халықаралық сыйлықтың иегері атанды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Жалпы және теориялық физика кафедрасының аға оқытушысы, PhD Улбосын Уалиханова Балтық елдеріндегі испан ғалымдары қауымдастығы (ACEBaltic) тағайындаған “Antonia Ferrín Moreiras” Award for the Best Doctoral Thesis in Astronomy and Astrophysics халықаралық сыйлығының жеңімпазы атанды.
“Antonia Ferrín Moreiras” сыйлығы 2026 жылы алғаш рет өткізіліп отыр және Испаниядағы астрономия ғылымының ізашарларының бірі доктор Antonia Ferrín Moreiras-тың құрметіне арналған. Сыйлық астрономия және астрофизика саласындағы үздік докторлық зерттеулерді мойындау мақсатында тағайындалған. Байқауға 2020–2025 жылдар аралығында Литва, Латвия және Эстония университеттерінде қорғалған докторлық диссертациялар қабылданды. Марапат 1500 еуро көлеміндегі ақшалай сыйлықты, сондай-ақ медаль мен дипломды қамтиды.
Улбосын Уалиханова University of Tartu (Тарту университеті, Эстония) докторантурасында білім алып, 2021 жылы профессорлар Manuel Hohmann және Laur Järv ғылыми жетекшілігімен докторлық диссертациясын дайындап, қорғады. Оның зерттеуі қазіргі заманғы гравитация мен космологияның өзекті мәселелеріне арналды.
Конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша оның докторлық диссертациясы Балтық елдерінен ұсынылған жұмыстардың арасында астрономия және астрофизика саласындағы үздік диссертация деп танылды.
Марапатты салтанатты түрде табыстау рәсімі 2026 жылғы 21 мамырда Вильнюс қаласында, Литвада өтті. Жеңімпазға жүргізілген зерттеудің жоғары ғылыми деңгейі мен маңыздылығын мойындау белгісі ретінде диплом және тиісті сыйлық табысталды.
Бұл халықаралық марапат ғалым үшін де, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті үшін де маңызды жетістік болып табылады. Ол ғылыми даярлықтың жоғары деңгейін, зерттеулердің халықаралық бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді және ЕҰУ-дың жетекші шетелдік университеттермен және ғылыми орталықтармен академиялық байланыстарын нығайтуға ықпал етеді.
Улбосын Уалиханованы лайықты халықаралық мойындалуымен құттықтап, одан әрі ғылыми табыстар, жаңа зерттеулер мен маңызды жетістіктер тілейміз!
