
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Білім жоғары мектебінің өкілдері Германияда ASIIN бағдарламасы бойынша білім алуда

2026 жылғы 14 қыркүйекте Дюссельдорф қаласында ASIIN ұйымдастырған «Сапаны қамтамасыз етудің халықаралық жүйелері» біліктілікті арттыру бағдарламасының офлайн кезеңі басталды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің делегациясы құрамында Білім жоғары мектебінің үш өкілі: директор Н.С. Қасымбекова және оқытушылар А.С. Дінмұхамедова мен Р.З. Асылханова білім алуда.
19 қыркүйекке дейін жалғасатын бағдарлама жоғары білім сапасын қамтамасыз етудің халықаралық тәсілдері мен білім беру бағдарламаларын аккредиттеу мәселелеріне арналған. Алынған білім қатысушыларға білім беру бағдарламаларын жетілдіруге және университетте сапа мәдениетін дамытуға мүмкіндік береді.
Алғашқы күні қатысушылар өздерінің кәсіби міндеттері мен курстан күтетін нәтижелерін, сондай-ақ Қазақстанның жоғары білім беру жүйесі мен ЕҰУ-ды дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Олар ASIIN аккредиттеу критерийлерін, оның ішінде пәндік-бағдарланған критерийлерді және оларды білім беру бағдарламаларын бағалау барысында қолдану тәсілдерін зерделеуге кірісті. Кафедра өкілдері өздерінің білім беру бағдарламаларын таныстырып, олардың ерекшеліктері мен мамандар даярлаудағы тәсілдері туралы баяндады.
Алдағы күндері қатысушылар SWOT-талдау әдіснамасын меңгеріп, оны білім беру бағдарламаларының күшті және әлсіз жақтарын, даму мүмкіндіктері мен ықтимал тәуекелдерін бағалау үшін қолданады. Сондай-ақ бағдарлама аясында оқытуды ұйымдастыру және білім сапасын қамтамасыз ету тәжірибесімен танысу мақсатында Бохум қаласындағы Георг Агрикола қолданбалы ғылымдар техникалық университетіне және Клеве қаласындағы Рейн-Ваал қолданбалы ғылымдар университетіне бару жоспарланған.
