
ЕҰУ-дың Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректоры Нұрбек Сапарходжаев жас ғалымдармен кездесті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жаңадан тағайындалған Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор Нұрбек Сапарходжаев бұған дейін факультет декандары мен институт директорларымен кездескен болатын. Бүгінгі кездесуге факультеттер мен институттардың жас ғалымдары, PhD докторанттар, Инновацияларды дамыту департаментінің өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – ғылыми-зерттеу қызметінің өзекті мәселелерін талқылау, жас ғалымдардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау және университеттегі ғылымды дамыту мен ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағытындағы өзара байланысты нығайту.
Кездесу барысында университеттің ғылыми әлеуетін арттыру, зерттеу жобаларын қолдау, ғылыми нәтижелерді практикаға енгізу және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мүмкіндіктері сөз болды. Сонымен қатар ғалымдардың ғылыми жобаларды жүзеге асыру барысында кездесетін мәселелері мен ұсыныстарына назар аударылды.
Проректор университет ғалымдарымен ашық пікір алмасып, ғылыми қауымдастықпен тығыз байланыс орнатудың маңыздылығын атап өтті. Кездесуде ғылымды басқарудың тиімді тетіктерін жетілдіру, ғылыми жобалардың нәтижелілігін арттыру және зерттеу нәтижелерін қоғам мен экономика игілігіне бағыттау мәселелері талқыланды.
«Университеттің басты құндылығы – оның ғылыми әлеуеті мен ғалымдарының еңбегі. Біздің мақсатымыз – зерттеушілерге қолайлы жағдай жасап, ғылыми идеяларды нақты нәтижеге, ал нәтижелерді қоғам мен экономикаға пайдалы жобаларға айналдыру. Алдағы уақытта ғалымдармен ашық диалог орнатып, ғылымды дамыту мен коммерцияландыру бағытында бірлесіп жұмыс істейміз», – деді Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор Нұрбек Сапарходжаев.
Кездесу барысында ғылыми қызметті одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар ортаға салынып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстардың басым бағыттары айқындалды.
«Ғылымды дамыту үшін ғалым мен университет басшылығы арасында тұрақты әрі ашық байланыс болуы маңызды. Бүгінгі кездесу өзекті мәселелерді ортаға салып, ғылыми жобаларды қолдау мен олардың нәтижелерін тәжірибеге енгізу бағытында пікір алмасуға жақсы мүмкіндік берді. Алдағы уақытта нақты бастамалар мен бірлескен жобалардың жүзеге асатынына сенеміз», – деді физика-техникалық институтының аға оқытушысы, жас ғалым, РһD Жанбала Үмбетова.
Инновацияларды дамыту департаменті директорының м.а. Азат Махмет модераторлық еткен кездесу университеттің ғылыми қауымдастығы мен басқару құрылымдары арасындағы тиімді диалогты қалыптастыруға және ЕҰУ-дағы ғылымның жаңа даму бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
