
ЕҰУ мен Қытай коммуникация университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қытай коммуникация университетінің (Communication University of China) делегациясымен ресми кездесу өтіп, екі жоғары оқу орны арасында академиялық және ғылыми ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары қатарында профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, қосдипломды білім беру бағдарламаларын іске асыру мүмкіндіктерін қарастыру, бірлескен ғылыми зерттеулер мен халықаралық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қамтылды. Сондай-ақ журналистика, медиакоммуникация, цифрлық медиа, қоғамдық коммуникациялар және медиаконвергенция салаларындағы ғылыми әріптестікті кеңейтуге басымдық берілді.
«Жаңа келісім Қазақстан мен Қытайдың жоғары оқу орындары арасындағы білім, ғылым және академиялық алмасу салаларындағы байланысты нығайтып, ЕҰУ мен Қытай коммуникация университеті арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестікті дамытуға жаңа жол ашады», - деп атап өтті ЕҰУ стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректор міндетін атқарушы Абзал Талтенов.
Кездесуде тараптар институционалдық әріптестікті нығайту, білім беру мен ғылым саласындағы бірлескен бастамаларды дамыту және ұзақ мерзімді академиялық байланыстарды қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Қытай коммуникация университетінің делегациясын Ақпарат және коммуникация мектебінің профессоры, Еуропалық медианы зерттеу орталығының директоры Чжао Жухань (Zhao Ruhan) және қауымдастырылған профессор Гань Лу (Gan Lu) бастап келді. Делегация құрамында Медиа конвергенция және коммуникация мемлекеттік негізгі зертханасының докторанттары мен магистранттары болды.
«Меморандум екі университет арасында бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын жүйелі түрде жүзеге асыруға, академиялық алмасуды дамытуға, профессорлардың дәрістері мен ғылыми семинарларын ұйымдастыруға, сондай-ақ магистранттар мен докторанттардың бірлескен зерттеулеріне институционалдық негіз қалыптастырады», - деді профессор Чжао Жухань.
Ресми кездесуден кейін Чжао Жухань ЕҰУ-дың профессор-оқытушылар құрамы, докторанттары, магистранттары мен студенттері алдында дәріс оқыды.
«Чжао Жуханьның дәрісі қазіргі медианың даму үдерістерін түсінуге және халықаралық тәжірибені зерделеуге мүмкіндік берді. Әсіресе цифрлық технологиялардың журналистикаға ықпалы, медиаконвергенция және заманауи коммуникация үрдістері туралы айтылған ойлар студенттер мен жас зерттеушілер үшін өте маңызды. Мұндай кездесулер білім алушылардың кәсіби көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға да жол ашады»,- деді ЕҰУ журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантаев.
