
ЕҰУ-да «Асық ату» ұлттық ойынынан турнир өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Үздіксіз білім беру институты Дене шынықтыру және спорт кафедрасымен бірлесіп, «Күміс университет» тыңдаушылары мен ЕҰУ студенттері арасында «Асық ату» ұлттық ойынынан турнир өткізді.
Дене шынықтыру мен спортты дамыту – денсаулықты сақтаудың, аурулардың алдын алудың және белсенді өмір салтын қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі. Мұндай бірлескен спорттық іс-шаралар дене белсенділігін арттырып қана қоймай, әртүрлі буын өкілдерінің өзара қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік береді.
«Асық ату» – қазақ халқының ежелден келе жатқан кең таралған ұлттық ойындарының бірі. Бұл ойын ептілікті, мергендікті, дәлдікті, зейінді, қырағылықты және өзін-өзі ұстай білуді дамытып, ұлттық дәстүрлерді сақтауға және насихаттауға ықпал етеді.
Турнирдің басты ерекшелігі – оған аға буын өкілдері мен жастардың бірлесіп қатысуы. Мұндай формат Үздіксіз білім беру институты жүзеге асырып жатқан «Ұрпақтар диалогы» жобасының тұжырымдамасына толық сәйкес келеді. Жоба аясында жастар мен аға буын өкілдері жекелеген іс-шаралардың бөлек қатысушылары ретінде емес, дене шынықтыруды, ұлттық дәстүрлерді, зияткерлік дамуды және ұрпақаралық қарым-қатынасты біріктіретін ортақ қызметте өзара әрекеттеседі.
Турнирдің төрешілер алқасының құрамына «Асық ату» федерациясының президенті Ескендір Рахметов, ЕҰУ Дене шынықтыру және спорт кафедрасының аға оқытушылары Рахат Мамыркулов пен Куралай Құланова кірді.
Турнир қорытындысы бойынша қатысушылар жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, студенттер мен «Күміс университет» тыңдаушыларының бірлесіп спорттық іс-шараға қатысуына оң бағаларын берді.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне грамоталар табысталды.
Осындай іс-шараларды өткізу ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға, ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттауға және белсенді ұзақ өмір сүру мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
