
ЕҰУ ФТҒИ Horizon Europe PRISMA жобасы аясында MBN Research Center-мен ынтымақтастықты дамытуда
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Физика-техникалық ғылымдар институтының өкілдері 2026 жылғы 1 маусым мен 31 шілде аралығында Германияның Франкфурт-на-Майн қаласында Еуропалық Одақтың Horizon Europe флагмандық шеңберлік бағдарламасы аясындағы Staff Exchanges PRISMA (“Post-irradiation multiscale dynamics of materials”) халықаралық жобасын іске асыру шеңберінде өткен жұмыс сапарын аяқтады.
Жұмыс сапары MBN Research Center-мен бірлескен ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға, тәжірибе алмасуға, компьютерлік модельдеудің заманауи әдістерін меңгеруге және PRISMA жобасының міндеттері аясындағы ынтымақтастықтың одан арғы бағыттарын талқылауға бағытталды.
Сапар барысында ЕҰУ ФТҒИ өкілдері, Кенбаев Дауржан және Какимов Асхат, MBN Research Center-дің профессоры Андрей Соловьёвпен және PhD Алексей Верховцевпен бірлесіп, орталық әзірлеген MBN Explorer және MBN Studio бағдарламалық кешендерін пайдалана отырып ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Аталған бағдарламалық өнімдер күрделі молекулалық жүйелердің құрылымы мен динамикасын көпмасштабты компьютерлік модельдеуге арналған.
Бірлескен жұмыс аясында компьютерлік модельдерді дайындау, молекулалық-динамикалық есептеулер жүргізу, сондай-ақ алынған нәтижелерді талдау және визуализациялау құралдары меңгерілді. MBN Explorer және MBN Studio мүмкіндіктерін пайдалану ЕҰУ ФТҒИ зерттеушілерінің компьютерлік модельдеу саласындағы практикалық құзыреттерін кеңейтуге және аталған әдістерді ғылыми зерттеулерде одан әрі қолдануға негіз қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Бірлескен жұмыс барысында материалтану және радиациялық физиканың өзекті міндеттерін шешуде компьютерлік модельдеу әдістерін қолдану перспективаларына ерекше назар аударылды. MBN Research Center мамандары бағдарламалық кешендермен жұмыс істеу бойынша ғылыми консультациялар өткізіп, ЕҰУ өкілдерімен бірлескен зерттеулердің одан арғы бағыттарын талқылады.
Жинақталған тәжірибе бірлескен ғылыми зерттеулерді дамытуға, ғылыми жарияланымдар дайындауға, сондай-ақ ЕҰУ Физика-техникалық ғылымдар институтының зерттеу қызметіне заманауи есептеу әдістерін енгізуге қосымша мүмкіндіктер береді.
Horizon Europe PRISMA жобасы аясындағы ынтымақтастық Қазақстан ғылымын халықаралық ғылыми-зерттеу кеңістігіне одан әрі интеграциялау, зерттеушілердің, магистранттар мен докторанттардың құзыреттерін дамыту, сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жетекші шетелдік ғылыми орталықтармен әріптестік байланыстарын нығайту үшін маңызды мәнге ие.
ЕҰУ Физика-техникалық ғылымдар институты MBN Research Center және басқа да халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты дамытуды жалғастырып, университеттің іргелі және қолданбалы зерттеулер саласындағы бірлескен жобаларға қатысуын кеңейтетін болады.
