
«Фейктер туралы диалог»: медиа сарапшы Әсем Миржекеева студенттерге фейк жаңалықтар туралы айтып берді

Медиа сарапшы, PR және медиа саласындағы кәсіби мамандар қауымдастығының, сондай-ақ Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Әсем Миржекеева ЕҰУ студенттеріне «Фейктер туралы диалог» тақырыбында дәріс оқыды. Спикер фейк жаңалықтардың пайда болу тарихы, жалған ақпараттың таралуына ықпал ететін факторлар мен оны анықтау әдістері жайлы айтып, бірнеше белгілі мысалды талдады.
Әсем Миржекеева қазіргі таңда әлемде таралып жатқан жалған ақпараттың нақты саны туралы статистика жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллектінің дамуына байланысты бұл құбылыстың ауқымын анықтау барған сайын қиындап келеді.
Медиа сарапшының айтуынша, жалған ақпараттың көзі ретінде деструктивті және тыйым салынған ұйымдар, шетелдік ақпарат көздері, сондай-ақ қарапайым қолданушылар да болуы мүмкін.
Жалған ақпаратты анықтау үшін лектор ең алдымен өзіңізге: «Мен бұған неге сенуім керек?» деген сұрақ қоюға кеңес берді. Сонымен қатар ақпаратты ресми дереккөздердегі мәліметтермен салыстырып, тексеру қажет.
Спикер фейктерді анықтаудың қосымша тәсілдерінің бірі ретінде әзілді де атады. Егер жаңалық абсурд болып көрінсе немесе күлкі тудырса, бұл оның шынайылығына күмән келтіріп, ақпаратты қайта тексеруге себеп болуы мүмкін. Әсем Миржекеева аудиторияда күшті эмоциялық реакция тудыруға бағытталатын дипфейктерге де ерекше назар аударды.
Сарапшының пікірінше, жалған ақпараттың таралу тізбегіндегі бір буынға айналмау үшін күмәнді контентке қалай әрекет ететініңізді саналы түрде таңдап, оны әрі қарай таратпас бұрын міндетті түрде тексеру маңызды.
Дәріс соңында спикер студенттердің сұрақтарына жауап берді.
