
ЕҰУ-да инклюзивті бағыт үйлестірушілеріне арналған оқыту семинары өтті

Зеренді ауданындағы «Тұмар» оқу-сауықтыру кешенінде Инклюзивті қолдау орталығының ұйымдастыруымен «Ешкім назардан тыс емес!» оқыту семинары өтті. Іс-шараға факультет, жоғары мектеп, институт және ЕҰУ Жоғары колледжінің инклюзивті бағыт үйлестірушілері қатысты.
Оқыту семинарының негізгі мақсаты – инклюзивті бағыт үйлестірушілерінің кәсіби құзыреттерін арттыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды сүйемелдеудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыру, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелер мен қолдау орталықтары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту.
Бағдарлама аясында инклюзивті білім берудің негізгі қағидаттары, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылардың қажеттіліктерін дер кезінде анықтау, оларды оқу үдерісінде және университеттік ортада сүйемелдеу, үйлестірушілердің рөлі мен функциялары қарастырылды. Семинар теориялық және практикалық бөлімдерден тұрды.
Сонымен қатар, қатысушылар алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша практикалық сабаққа қатысты. Семинар бағдарламасы аясында қызметкерлер «Тұмар» оқу-сауықтыру кешенінің аумағына бағытталған сенбілікке қатысып, ортақ кеңістікті таза әрі жайлы ұстауға өз үлестерін қосты.
Іс-шара барысында қатысушылар «Кітап сыйла» акциясына да қолдау білдіріп, «Тұмар» кешенінің кітапханасына өздерімен бірге әкелген кітаптарын сыйға тартты. Аталған бастама кітап қорын толықтыруға және келушілердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар инклюзивті бағыттағы жұмысты ұйымдастыруға қажетті практикалық білім мен дағдыларын жетілдіріп, білім алушыларды қолдаудың тиімді тетіктерін өз құрылымдық бөлімшелерінде қолдану бағыттарын айқындады.
